Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реймова Қазақстанда қалуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Мейірман Шекеев пен блогер Жан Ахмадиев хабарлады.
Алматы облысының прокуратурасы Бас прокуратураның келісімімен Жоғарғы сотқа Бақыт Реймованы депортацияламай, жазасын басқа жолмен өтеу туралы өтініш жолдаған. Енді оның елде қалу мәселесін Жоғарғы сот шешеді.
Еске салсақ, Бақыт Реймова бауыры Нұрғанаттың қазасынан кейін «митингке шақырды» деп айыпталып 15 тәулікке қамалған еді. Сондай-ақ, басқа елдің азаматы болғаны үшін сот оны Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған.
Бақыт Реймова елден шығарылса, оның кәмелетке толмаған ұлы Мейірбек Реймов асыраушысыз жалғыз қалуы мүмкін. Жеткіншек анасынан айырмауды сұрап, президентке үндеу жасаған.
Адвокат Мейірман Шекеев БҰҰ-ның бала құқығы туралы конвенциясына сай бала мен ананы ажыратуға болмайтынын еске салды. Сонымен қатар, ол 1989 жылы қабылданған бұл талапты сақтауға Қазақстан міндетті екенін алға тартты.