Тағы бір президент қамалды. Кеңсесіне бекінген Оңтүстік Корея басшысы "бүлік жасады" деп айыпталды

180
Adyrna.kz Telegram
Фото: AFP VIA GETTY IMAGES
Фото: AFP VIA GETTY IMAGES

Оңтүстік Корея тергеушілері уақытша қызметінен шеттетілген, бірақ қызметін жалғастырып жатқан ел президенті Юн Сок Ёльді "бүлік жасады" деген айыппен қамауға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

«Басқарма президент Юн Сок Ёльді "бүлікке жетекшілік етті" деген айыппен қамауға алды», – делінген агенттік хабарламасында.

15 қаңтар күні таңертең тергеушілер мемлекет басшысының резиденциясына келіп, оны қамауға алмақ болған. Алайда олар президенттің қауіпсіздік қызметімен қақтығысқа түскен. Шамамен 2,5 сағат өткен соң, баспалдақтарды пайдаланып, полиция мен жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасының (CIO) қызметкерлері резиденцияға кірген.

Операцияға 200-ге жуық полицей мен CIO-ның 40 тергеушісі қатысты.

Кейін белгілі болғандай, Юн Сок Ёль қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін тергеуге өзі бару туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар, резиденцияны күзетіп тұрған әскери бөлімшелер тергеушілерге қамауға алу ордерін орындауға кедергі келтірмеуге келіскен.

Оңтүстік Корея тергеушілері 3 қаңтарда уақытша шеттетілген президентті қамауға алу ордерін орындауға тырысқан болатын. Бірақ бес сағаттан астам уақытқа созылған президент күзетімен болған қақтығыстан кейін бұл әрекетті тоқтатуға мәжбүр болды. Жоғары лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлығын тергеу басқармасы ордер орындаудан бас тарту себебін сол жерде болған қызметкерлердің қауіпсіздігіне төнген қатермен түсіндірді.

Юн Сок Ёль әскери төңкеріс жасап, елде әскери жағдай жариялады және парламенттің төтенше жағдайды жою үшін дауыс беруіне кедергі жасау мақсатында әскер жіберді деп айыпталып отыр.

Соңғы жылдары Оңтүстік Корея президенттері жиі айыпталып, сотталатын болды.

Пікірлер