Қазақстандық дипломат, бұрынғы елші Дулат Бақышев бүгінде университетте сабақ беріп, зерттеу бағытында және ұстаздық жолда еңбек етіп жүр. Оңтүстік Кореядағы мұғалім мәртебесінің жоғары болуы мен жастардың ынтасы Қазақстан үшін де үлгі боларлықтай.
- Өзге елде ұстаздық етіп жатқаныңызға қанша болды? Қандай бағытта, қай жерде білім бересіз?
- Мен 2022 жылдан бастап Оңтүстік Кореяның білім мен ғылым саласында жұмыс істеп келемін. Хангук шет тілдері (аймақтану) университетінің Орталық Азия кафедрасы профессорымын. Менің оқитын дәрістерім: біздің аймақ елдерінің геосаясаты, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, қоғамы мен экономикасы, халықаралық байланыстары, басқа да салалар. Хангук университетінде студенттер мен магистрант/докторанттар тілді де оқиды. Онда қазақ және өзбек тілдерін үйренуге толық мүмкіндік жасалған.
- Оңтүстік Кореяда білім беру жүйесі қандай ерекшеліктерге ие?
- Оңтүстік Корея — дамыған ел. Бұл жерде, ең алдымен, академиялық еркіндік қамтамасыз етіледі. Бұл студентке де, ұстазға да өте ыңғайлы дүние. Дамыған ел болғасын, бұл жерде білім мен ғылым сапасын да арттыруға мүмкіндік бар.
- Қазақстанның білім жүйесінен қалай ерекшеленеді?
- Оңтүстік Кореяда капитализм мен нарық қатынастары бізден ертерек орнады. Саяси жағынан да бұл ел бізден алда келеді. Сондықтан, бұл мемлекетте білім мен ғылым саласына қажетті ресурстар жеткілікті. Білім мен ғылым ордалары, негізінен, жеке. Жақсы, өте тиімді басқарылады. Сондықтан сапа да бар.
- Корея студенттерінің білімге деген қызығушылығы мен мотивациясы қандай?
- Ынта мен мотивация әр адамның өзіне байланысты болатын сияқты. Жалпы, корейлер қазақ жастарына ұқсайды. Талпынысы жақсы жастар бар. Көп. Кейде талпынбайтын жандар да кездесіп қалады. Бірақ, жалпылай қарағанда, бүгінгі күні корей жастары әлем бойынша ынталы, еңбекқор студенттер ретінде танылып отыр.
- Кореяда мұғалімдердің мәртебесі мен беделі қандай деңгейде?
- Шығыс Азия елдерінде мұғалімнің мәртебесі мен беделі өте жоғары. Қайда жүрсе де оларға құрмет көрсетіледі. Қоғам мұғалімге сыйластықпен қарайды.
- Екі елдің (Қазақстан мен Оңтүстік Корея) білім беру философиясындағы басты айырмашылықтарды қалай сипаттар едіңіз?
- Өзіме білім беру философиясы, жалпы, барлық елдерде ұқсас сияқты. Десе де, әр елде өзінің қалыптасқан дәстүрі болады. Кореяда, тарихи тұрғыдан алғанда, үкімет маңызды институт және билік орны ретінде қаралып, қабылданып келді. Үкіметке орналасу үшін адам бала кезінен бастап жақсы оқып, қиын емтихан тапсыратын. Оқу арқылы бала кейін елдің элитасына айналуды мақсат тұтатын.
Біз болсақ, Кореядан гөрі бодандықта көбірек, ұзағырақ болдық. Корейлер өздеріне сенсе, өздері туралы ойлайтын болса, бізде әлі күнге дейін басқаға еліктеу, басқаны пір тұту, “солар артық та, біз кем” деген философия көптеу сияқты болып көрінеді. Бізге сенім керек. Сенім өз тарихың мен тіліңді білгеннен, зерттегеннен пайда болады. Біз “Жібек жолындағы” халықпыз. Бұл кемістік емес. Бұл ұғым керемет мәдениет пен тарихты білдіреді. Бізде кезінде керемет білім мен ғылым дәстүрі де болды. Басқаға жалтақтай бермей, осының бәрін ойланып, концептуалды түрде негіздеп, басқалармен терезесі тең дамуды қолға алатын кез келді. Менің ойым осы.
- Корея студенттерінің өзіндік оқу мәдениеті қандай?
- Корей студенті ғаламдық деңгейде оқып, тәрбиеленеді. Барлық жағынан. Себебі, қоғам сондай. Дамыған. Еңбекқорлық, жауапкершілік, өзін де, басқаны да сыйлау сияқты құндылықтар отбасы, бала бақша мен мектеп кезінен бойға сіңіріледі.
- Корея студенттерінің бос уақытын ұйымдастыру ерекшеліктері қандай?
- Корей студенті бос уақытта өзінің жеке хоббиімен айналысқанды ұнататын сияқты. Спортпен көп шұғылданады. Тіл де оқиды. Уақытша жалға жұмысқа тұрып, ақша да табады. Жас кезден бастап өз өмірі үшін өздері жауапты болуға үйренеді.
- Сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы