Таулы Қарабақта толық жеңіске жеткеннен кейін Ильхам Әлиевтің бесінші мерзімге қайта сайланған 2024 жылы ондаған азербайжандық белсенді мен журналист түрмеге қамалды. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Көп адам түсініксіз себептермен елден шығудан қағылды.
Бұл туралы ВВС арнасы арнайы тоқталған.
22 қараша күні таңертең Азер Гасимли Бакудегі әуежайдан Берлинге ұшпақ болатын. Германия университетінің аспиранты ретінде бұрынғы барыс-келісінде кедергі болмған. Бірақ сол күні шекара қызметкері оның құжатын қайтарып, елден шығуға тыйым салынғанын айтып, ішкі істер министрлігіне баруды ұсынған.
«Мен сол сәтте алдымен тыйым салады, кейін қамауға алады деп ойладым», - дейді Азер таң қалмағанын жеткізіп.
Айта кетсек, 49 жастағы Азер Гасимли – Әзербайжанда танымал оппозициялық саясаткер. Ол «Республикалық альтернатива» партиясының басқарма мүшесі болған. Бірақ 2019 жылы партияның басшылығы билікке жақындағаннан кейін кетіп қалған. Сол кезде ол саяси менеджмент институтын ашып, саяси ғылымдар мен демократия туралы дәрістер оқитын.
Ол билікті жиі сынайтын. «Саяси партиялар туралы заңды» саяси ұйымдарға арналған «Дамокл қылышы» деп атаған. Себебі бұл заң мемлекетке оларды кез келген уақытта тіркеуден айыруға мүмкіндік беретін.
Ал 2024 жылы оған басқа ондаған әзербайжандықтар секілді екінші рет елден шығуға шектеу қойды.
«САЯСИ ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫ»
Әзербайжаннан шығуға тыйым салынуда ардагер атанғанның бірі — «Халық фронты» партиясының жетекшісі Әли Керімли. Оның айтуынша, ол 18 жыл бойы шетелге шыға алмай жүр.
Елден шығуға тыйым салу тәжірибесі 2014 жылы Әзербайжанда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын айтарлықтай қиындататын заң қабылданғаннан кейін кеңінен тарала бастаған. Халықаралық донорлар елден кетіп, танымал журналистер, қоғамдық қайраткерлер мен құқық қорғаушылар қаржылық қылмыстарға байланысты айыпталып, түрмеге қамалды немесе оларға елден шығуға тыйым салынды.
Ішкі істер министрлігінде әркім өзіне шығуға тыйым салынғанын тексеруге мүмкіндік беретін вебсайт бар, бірақ іс жүзінде оны анықтау оңай емес.
Алты жыл бұрын журналист Айнұр Эльгюнеш ВВС-ге 2015 жылы шекарадан шығуға тыйым салу туралы мәлімет алу үшін қай органға бару керек екенін түсінуге тырысқан еді.
«Мен мемлекеттік шекара қызметіне және ішкі істер министрлігіне жүгіндім, олар бұл біздің құзыретіміз емес деп жауап берді. Кейін екі рет прокуратураға сұрау салғанда ғана олар бұл мәселеге құзырлы екенін мойындады», - дейді журналист.
Оның айтуынша, оған елден шығуға тыйым салудың себебі — қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде тіркелгені айтылған.
Ал БАҚ құқықтарын қорғаушы заңгер Рашид Гаджилының айтуынша, куәгерге елден шығуға тыйым салатын заң жоқ.
Миграциялық заңнамаға сәйкес, елден шығуға тыйым салынатын тек күдіктілер, айыпталушылар және сотталғандар ғана, сонымен қатар шартты жазамен немесе шартты түрде босатылғандар да елден шығуға шектеледі.
«Егер куәгер тергеу үшін қажет болса, тергеуші немесе сот оны шақырып, куәлік алады. Ал куәгерге елден шығуға тыйым салынатын болса, бұл сот шешімімен ғана жүзеге асады», - деп жалғастырады заңгер.
Сонымен қатар, бұл шешімге заңды түрде шағымдануға болады.
«Ал ол шешім туралы білмеген адам қалай шағым түсіреді? Белгілі, құқық қорғау органдары бұл құралды журналистерге, қоғамдық және саяси белсенділерге саяси қысым құралы ретінде пайдалануда», - дейді Гаджилы.
Азер Гасимли мен Айнұр Эльгюнеш 2016 жылы Еуропалық адам құқықтары сотына (ЕАҚС) топтық талап арыз беріп, жеңіп шыққан. Бір жылдан кейін ЕАҚС куәгерлерге елден шығуға тыйым салуды заңсыз деп танып, талапкерлерге өтемақы тағайындады. Сонда Әзербайжан билігі елден шығуға салынған тыйымды алып тастады.
Бірақ 2024 жылы жағдай қайталанып отыр: Азерді шекарада кері қайтарған сол күні ол ішкі істер министрлігіне түсініктеме алу үшін жүгінді. Бірақ жауап ала алмаған. Сондықтан ол министрлікке өзі барып сұрады. Оның айтуынша, онда оны сұрақтарға алып, ол қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде тіркелгенін хабарлаған.
«Олар менен жарияламау туралы қолхат алды, бірақ мен тек айта алатын нәрсе — менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ», - деді Азер.
«ӘЗЕРБАЙЖАН ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН ЖАБЫЛА ТҮСУДЕ»
Ашық дереккөздерде 2023 жылдың қарашасынан бастап кем дегенде 23 адамның Әзербайжаннан шығуына тыйым салынғаны белгілі болған. Дегенмен, белсенділердің айтуынша, шынында елден шығуға тыйым салынғандардың саны әлдеқайда көп. Себебі бұл туралы көбі ашық айтпайды, өйткені олар ішкі істер министрлігімен «тиімді» келісімге келуге үміттенеді.
«Біреулер адвокаттары арқылы саудаласып, «маған бес күнге шығуға рұқсат беріңіз, барып келемін» дейді, ал басқа біреулер іс жүзінде ештеңеге қатыспағанын дәлелдеуге тырысады. Барлығы тыныш жүріп жатыр», - дейді осы тақырыпта ашық сөйлеуден қорқып, аты-жөнін жарияламауды сұраған, жағдайды жақсы білетін адам.
«Мен осындай адамдарды білемін, олар үндемейді, себебі жұмыстан шығып қалудан қорқады. Кейбіреулері туралы олардың тек адвокаттары мен жақындары ғана біледі», - дейді сұхбат беруші.
Жүйенің бұлыңғырлығынан, елден шыға аласың ба, жоқ па, анықтау қиын. Әзербайжанның шекаралары пандемия кезінде жабылғандықтан, елден шыға алатыныңды білу үшін тек ұшақ билетін сатып алу арқылы ғана анықтауға болатын. Бірақ елдің бәрі ұшақпен ұшатын жағдайда емес.
Журналист Айтян Фархадова да бұл мәселе бойынша ашық айтылып жатқаннан әлдеқайда көп адамның елден шығуына тыйым салынған деп есептейді. Ол бес жыл бұрын Әзербайжаннан Грузияға кеткен, бірақ қайта оралуға қорқады. Себебі оған елден шығуға қайта тыйым салынуы ғажап емес.
«Біз өзіміз де білмейміз, бізге шығып кетуге тыйым салынған ба, жоқ па және біз мұны тексере алмаймыз», - дейді ол.
«Шындығында, қанша адам саяси себептермен елден шыға алмайтынын есептеу мүмкін емес, өйткені Әзербайжан – жабық ел және жыл өткен сайын одан сайын жабыла түсуде. Ал адамдар, әсіресе аймақтарда, ішкі істер министрлігінің заңсыз әрекеттері туралы шағымданудан қорқады», - дейді құқық қорғаушы Ариф Юнус.
Әзербайжанның «Саяси тұтқындарға еркіндік үшін» одағының мәліметтері бойынша, елде қазір 300-ден астам саяси тұтқын бар. Бұл – Ильхам Әлиев билікке келген 21 жылда тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.
КУӘГЕР АЙЫПТАЛУШЫҒА АЙНАЛАДЫ
«Елден шығуға тыйым салынған» статусқа ие екенін кейіннен білетін адамдар қамалуы да мүмкін.
«Куәгер өз сөзінде абайсыздық жасап, айыпталушыға айналуы мүмкін екенін бәрі біледі», - дейді құқық қорғаушы Эльдар Зейналов.
Азер Гасимли елден шығуға тыйым салу тәжірибесін шетелге шыққан жағдайда оппозиция өкілдерінің режимді қатты сынауынан қорқатындығымен түсіндіреді.
Қазан айында Францияда Әзербайжанның саяси эмигранты әрі Әзербайжан билігін сынаушы Виджи Искандерли қайтыс болды. Белгісіз біреулер оған 20-дан астам пышақ жарақатын салған. Бұған дейін, көктемде Әзербайжан парламентінің депутаты Захид Орджұ Ильхам Әлиевтің қарсыластарын «заңды нысан ретінде бейтараптандыру» керек екенін айтып, Искандерлиді «терроршы» деп атаған болатын.
Азер Гасимли Әзербайжан билігінің ғана емес, сонымен бірге батыс елдерінің де әрекетсіздігін әділетсіз деп санайды.
«Маған өте өкінішті, америкалықтар мен еуропалықтар күнде телеарналардан батыс құндылықтарын сынап, таңнан кешке дейін тіл тигізетіндерге виза береді. Олар билет сатып ала алады, ал ешкім оларды жазаламайды», - дейді ол.
Әзербайжанда қылмыстық іс бойынша куәгерден айыпталушыға айналу тіптен оңай.
«2014 жылы шетелге шығуға тырысқанда бізді әуежайда тоқтатты. Шекара қызметкерлері ұзақ уақыт телефон арқылы тексеріп, шыға аламыз ба, жоқ па деп анықтаған. Алты рет құжаттарды алып, қайта қайтарған. Ал алтыншы ретте бізді ұшақтан шығарып жіберді», - дейді құқық қорғаушы Ариф Юнус.
Сол жылы Ариф пен оның әйелі Лейланы экономикалық қылмыстар бойынша қамауға алып, 2015 жылдың соңында денсаулығына байланысты босатқан.
Азермен де сондай оқиға қайталанды. 8 желтоқсан күні, сұхбаттан кейін бірнеше күн өткен соң, оны ұлын спорттық секциясынан алып кетуге бара жатқанда ұстап әкеткен.
Азер Гасимлиға күш қолдану арқылы ақша талап ету бойынша айып тағылды, оған он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Ал құқық қорғаушылар оны ”саяси тұтқын“ деп санайды.