Ұлытау облысында бір күнде төрт әлеуметтік нысан ашылды

414
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 320 орындық жаңа балабақшалар ашылып, аймақтағы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Бұл балабақшалар заманауи стандарттарға сай жабдықталған және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев және ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Өңір басшысы атқарылып жатқан игі жұмыстарды ұлы академиктің 125 жылдығында орын алған сәтті қадамдардың бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар кеншілер қаласында көптен күткен Оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған орталықта қазірдің өзінде 1000-нан астам оқушы үйірмеге жазылған. Бұл сарай балалардың ғылым, өнер, спорт және заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашатын жаңа мүмкіндіктерді ұсынады.

Салтанатты рәсімнен кейін Ұлытау облысының әкімі Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясымен меморандум аясында күрделі жөндеуден өткен «Ақбота» балабақшасының жұмыс барысын қадағалады. Бөбекжай 60 жылға жуық уақыттан кейін тұңғыш рет толықтай жаңартылды.

Сонымен қатар бүгін ұлттық жоба аясында Ұлытау облысында тұңғыш «Жайлы мектептің» ашылу салтанаты өтті. 300 орындық білім ошағы Қабанбай батыр шағынауданында орналасқан. Өңір басшысы шағынаудан оқушыларының енді Жезқазған қаласына қатынауға мәжбүр болмайтындығын атап өтіп, білім алушыларға сәттілік тіледі. Екі қабатты кең ғимаратта заманауи сыныптар, зертханалар, спорт және өнер залдары қарастырылған, сонымен қатар оқыту процесіне заманауи цифрлық технологиялар енгізілген.

Пікірлер