Желіде полиция қызметкерлерінің жас жігітті анасының көзінше күштеп әскерге алып кетпек болғаны түсірілген видео тарады, деп "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видео көптің ашуына тиді. Екі полиция қызметкері жас жігітті жерге құлатып, ұстап, анасының көзінше бір жаққа алып бара жатыр. Ал ұлына алаңдаған анасы оны босатуды сұрап жылап жүргенін көруге болады. Видеода Ақтөбе облысында болғаны көрсетілген.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардан Саймағамбетов видеоға қатысты пікір білдірген.
“Бұл мәлімдемелердің шындыққа жанаспайды. Қақтығыс болған жерге полиция қызметкерлері шақырту бойынша барған. Әскери комиссариат қызметкерлері мен әскерге шақырылушының арасында жанжал болғаны, жанжал кезінде әскерге шақырылған жігіттің басқаларды қорқытып, электршокер пайдаланғаны анықталды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері заңға сәйкес әрекет етті. Алайда жас жігіт қарсылық көрсетіп, полицейлердің заңды талабын орындамаған", — деді полиция бастығының орынбасары.
Онң сөзінше, әскери қызметкерлердің әрекеті бойынша жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Әскери тергеу басқармасына жіберілді. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да тексеріс жүргізілмек.