Ақтаудағы әуе апаты. Қала тұрғындары қан тапсырып көмектесті

279
Adyrna.kz Telegram

Ақтау қаласы маңында болған әуе апатынан кейін жергілікті тұрғындар зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қан тапсыруда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Маңғыстау облыстық қан орталығының мамандары өңір тұрғындарын мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар, Астана қаласында да азаматтар қан тапсыруға белсенділік танытып, Әзербайжан елшілігіне гүл шоқтарын қоюда.

Ақтау қаласында орын алған әуе апатынан кейін қазақстандықтар мен құтқарушылардың көрсеткен жедел және жанашыр әрекеттері Әзербайжандық БАҚ тарапынан жоғары бағаланды. Әзербайжандық ақпарат құралдары қазақстандықтардың, құтқарушылар мен дәрігерлердің кәсібилігі мен адамгершілігіне алғыс білдіріп, олардың трагедияға көрсеткен реакциясын ерекше атап өтті.

"Арнайы назар аударуға лайық нәрсе – қазақстандық құтқару қызметтері мен дәрігерлерінің жоғары кәсібилігі. Барлық жұмыстар жедел жүргізілуде. Қазақстандықтар жаппай қан тапсыруда! Олардың күш-жігеріне алғысымызды білдіреміз. Рахмет, Қазақстан!" – деп жазды белгілі әзербайжандық Minval Politika порталының журналистері.

Сонымен қатар, әзербайжандық журналист және блогер Хамид Хамидов Қазақстан азаматтарына, әсіресе апаттан зардап шеккендерге қан тапсырып жатқан ақтаулықтарға алғыс білдірді.

"Ақтаулық бауырларым ұшақ апатынан аман қалғандар үшін қан тапсыру үшін кезекте тұр. Сіздерге рақмет!" – деп жазды блогер өзінің Facebook парақшасында.

Еске сала кетейңк, бүгін Ақтау маңында Az Airlines әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлады. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен аман қалғандар анықталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс атқаруда.

Пікірлер