Семей қаласында шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлағаннан кейін қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен қуылды. Бұл туралы бүгін, 23 желтоқсанда облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, облыс әкімінің төрағалығымен жедел жұмыс кеңесі өткен.
«Кеңес барысында білім басқармасына қызметтік тексеріс жүргізу, ал денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен мұғалімді тәулік бойы бақылауға алу тапсырылды. Қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімі шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталды. Олардың арасында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған»,–деп түсіндірді ол.
Қазіргі уақытта тәртіптік жауапкершілікке мектеп директорлары тартылды, ал Семей қаласының білім бөлімінің басшысы өз лауазымынан босатылды.
Еске салайық, 21 желтоқсанда Қуат Айтқалиев есімді мұғалім биіктен құлаған еді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл әрекетті «заңбұзушылық» деп атап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.