20 желтоқсан күні кешке Германияның Саксония-Анхальт федералды штатындағы Магдебург қаласындағы Рождество базарында қайғылы оқиға орын алған болатын. Қара BMW көлігінің жүргізушісі базарға соқтығысып, адамдарды қағып өткен. Күдіктінің кім екені анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
DW басылымының хабарлауынша, көлік сауда алаңына толық жылдамдықпен кіріп, 400 метр жүріп, жолындағы адамдарды қаққан. Оқиға орнында полицейлер көлікті тоқтатып, күдіктіні ұстады.
Шабуыл жасаған азамат – 1974 жылы туған Сауд Арабиясының тумасы. Ол Германияға 2006 жылы көшіп келіп, саяси босқын мәртебесін алған. Күдікті дәрігер болып жұмыс істеген және Бернбург қаласында тұрған. Сауд Арабиясындағы дереккөздеріне сүйенсек, бұл азаматтың экстремистік мазмұндағы жазбалар қалдырғаны туралы ақпарат Германия билігіне берілген.
Германия канцлері Олаф Шольц қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтып, оқиға орнына дер кезінде көмек көрсеткен құтқарушыларға алғыс білдірді. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте канцлер Шольцпен байланысып, ұйымның Германияға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.