Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реимованың баласы Мейірбек Реимов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін Бақыт Реимоваға «митингке үндеген» деген айып тағылған болатын. Әйел сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды, кейіннен елден шығарылуы тиіс.
Реимованың ұлы анасының жалғыз асыраушысы екенін айтып, президентке үндеу жолдады.
«Менің анамды сот 15 тәулікке қамап, Қазақстан аумағынан шығару туралы үкім шығарған болатын. Анам – менің жалғыз асыраушым. Мен кәмелет жасқа толмаған баламын, 11-сыныпта оқимын. Анамның да менен басқа ешкімі жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын. Оның Қазақстаннан басқа барар жері жоқ. Біз қазақпыз! Өзімнің елім үшін қызмет еткім келеді. Егер сот анамды Қазақстан аумағынан шығаратын болса, мен оны бес жылға дейін көре алмаймын. Үкімді өзіңіз қайта қарауыңызды сұраймын»,—деді ол.