"Қазақмыс" корпорациясы Жезқазғантүстіметал өндірістік бірлестігіне кіретін Оңтүстік-Жезқазған және Жыланды кен орындары жұмысшыларының талаптарына жауап берді. Басшылық жұмысшылардың жалақысын өсірмейтінін мәлімдеген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
17 желтоқсан күні Ұлытау облысындағы "Оңтүстік Қазақстан" кенішінің №65 шахтасының қызметкерлері ереуілге шыққан болатын. Ереуілшілер алдымен жалақыны 30%, біраз уақыттан кейін 100% көтеруді сұрады. "Қазақмыс" баспасөз қызметі корпорацияның бас директоры мен кәсіподақ өкілдері жұмысшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді.
"Кездесу барысында олар "Жезқазғантүстіметал" компаниясында ең төменгі жалақы 363 мың теңге (жөндеу-механикалық мамандандырылған басқарманың тазалаушысы), медианалық жалақы 650 мың теңге екенін атап өтті. Бұл ретте Ұлытау облысындағы медианалық жалақы 404 105 теңге, ал Қазақстан бойынша орташа жалақы екі есе аз, яғни 285 677 теңге", – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
200-ден аса қызметкер жалақыны көтеруді талап еткен.
"Индексация ұлттық статистика бюросы 2024 жылға бекіткен инфляция деңгейіне сәйкес жүргізіледі. Жалақы 8,5%-ға артқан жағдайда корпорация бойынша орташа жалақы 822 мың теңгеге (2024 жылы – 730 431 теңге) жетеді. Ал жер астындағы мамандар үшін 1 303 000 теңге болады (2024 жылы – 1 202 000 теңге). Жалақының одан әрі күрт өсуі аймақтармен және саламен салыстырғанда үлкен айырмашылық туғызыда. Соңында компанияның кейбір кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, оларды тоқтап қалуға әкеледі", – деп есептейді корпорация.