Метрода орын алған қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды

177
Adyrna.kz Telegram

Алматыда "Абай" метро станциясында қаза болған 26 жастағы көру қабілеті нашар жігіттің оқиғасына қатысты мән-жай белгілі болды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Метрополитен басшылығының мәліметінше, Алматы метросының әр станциясында тәртіп пен жолаушылардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қауіпсіздік ережелерін сақтауын қадағалайтын қызметкер кезекшілік етеді.

"10 желтоқсан күні көру қабілеті нашар жолаушы кәсіпорынның вестибюльде кезекшілікте тұрған қызметкерін алдап, өзін ертіп жүрген адам бар екенін ауызша айтып, қызметкердің көмегінен бас тартқан. Кейін бейнежазбалардан анықталғандай, бұл адамдар тек кездейсоқ серіктер болған және олар оны перрон-платформаға дейін түсіруге көмектескен. Бұрынғы күндердегі бейнежазбалар оның метроны тұрақты пайдаланушы екенін және әрдайым ертіп жүретін адамының болатынын көрсетті", - деп мәлімдеді метрополитен басшылығы.

Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында 11 желтоқсаннан бастап метрополитен қызметкерінің ертіп жүруінсіз мүмкіндігі шектеулі азаматтардың метроға кіруіне тыйым салынды. Тіпті қасында ертіп жүрген адам болса да.

"Осындай жағдайларды болдырмау үшін метрополитенде платформалық есіктер (screen doors) орнату мәселесі қарастырылуда. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін арттырып, рельске құлап кетудің немесе рельске рұқсатсыз түсу жағдайларының алдын алады. Алайда бұл айтарлықтай қосымша қаржыландыруды қажет етеді – тиісті сұраныс жіберілді", - деп түсіндірді метрополитен өкілдері.

Сондай-ақ, метрополитенде жолаушы қаза болғаннан кейін басшылық оның туыстарымен дереу байланысқа шығып, оларға қажетті көмек көрсетілгенін атап өтті.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын тергеп жатыр.

"Біз, өз кезегімізде, ішкі қызметтік тексеру жүргізудеміз, оның қорытындысы бойынша міндетті түрде тиісті шаралар қабылдаймыз. Бұл метро тарихындағы алғашқы осындай оқиға. Сондықтан болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін барымызды саламыз", - деп қорытындылады қала метрополитенінің өкілдері.

Еске сала кетейік, 10 желтоқсан күні Алматыда жан түршігерлік оқиға орын алып, 26 жастағы жігіт метроның астына түсіп, қаза болғаны туралы жазған едік. 

 

Пікірлер