Президент Садыр Жапаровтың жарлығымен Қырғызстан үкіметінің төрағасы қызметіне Адылбек Қасымалиев тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kg ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Адылбек Қасымалиев 1960 жылы 1 желтоқсанда Ыстықкөл облысының Түп ауданында дүниеге келген. Ол Ленинград қаржы-экономикалық институтын "экономист" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015-2018 жылдары Қырғызстанның қаржы министрі қызметін атқарған. 2021-2022 жылдары президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. 2022 жылы үкімет басшысының бірінші орынбасары міндетін атқарушы болып тағайындалды.
18 желтоқсанда Жогорку Кеңеш отырысында президент Садыр Жапаров бұрынғы премьер-министрдің отставкасына қатысты түсініктеме берді. Ол мұны Салық қызметінің басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты тергеу ісімен байланыстырды.
«Бізді салық жүйесіндегі жағымсыз құбылыстар қатты алаңдатты. Акциздік маркаларға қатысты алаяқтық әрекеттер белгілі болды. Бұл саланы Ақылбек Жапаров басқарып келген, және ол заңсыз әрекеттерді тоқтата алар еді. Мен оны тергеу аясында мүдделер қақтығысын болдырмау үшін қызметінен босатуға мәжбүр болдым», – деді президент.
Еске сала кетейік, 16 желтоқсан күні Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров қызметінен кеткенін жазған едік.