Мұхтар Шахановпен шындық биігіндегі кездесу

149
Adyrna.kz Telegram

Астана қаласындағы “Sun Study” оқу орталығында белгілі ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен кездесу өтті. Іс-шара тәуелсіздік мерекесі аясында бүлдіршіндерге шығармашылығын таныту және өмір жолын өнеге ету мақсатында ұйымдастырылып, қала тұрғындарының басын қосты.

Кеш Мұхтар Шахановты салтанатты түрде күтіп алумен басталды. Қонақтар жайғасқан соң Тәуелсіздік күніне орай барлығы орнынан тұрып, жүректерін ұстап әнұран орындады.

Кештің шымылдығын журналист, термеші Амангелді Сейтхан домбырамен төгілтіп тұрып арнау айтты. Арнауда Шахановтың шығармашылық жетістіктері, ерен еңбегі, ерліктері толық қамтылып, портреттік бейнесі айқындалғандай әсер қалдырды. Ақынның әдебиеттегі орны мен тәуелсіздік жолындағы еңбегіне құрметтің бір көрінісі ретінде шығармаларынан үзінділер оқылды.


Небәрі 12 жастағы жас ақын Нұрасыл Жасұланұлы өзі жазған“Тәуелсіздік”, “Туған тіл”, “Әлихан Бөкейханға арнау” атты өлеңдерін оқып, көпшілікті таң қалдырды. Жас ақын бала ұлы ақынның ризашылығына бөленді.
Жас ақындар Қабиден Қуанышбайұлы мен Сарқытбек Нұрдыбек Мұхтар Шахановқа арнау өлеңдерін оқып, ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, “Алқа” оқу орталығының мұғалімі Еркежан Қайратқызы мен Астана қаласы #93 мектептің оқушысы Алпыс Омар Мұхтар Шахановтың “Жігерлендіру” және Төлеген Айбергеновтың Мұхтар Шахановқа арнаған “Сағыныш” өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Олардың орындауындағы көркем сөз өнері кештің рухын биіктете түсті.

Әдеби кеште музыка өнері де назардан тыс қалған жоқ. Халық композиторлары, сал-серілер ел мен жер үшін күресте алдыңғы шептен табылып, сол үшін талай қуғын көргені, итжеккенге айдалғаны, абақтыға қамалғаны, тіпті атылып оққа ұшқаны көпке аян. Тәуелсіздік күніндей қастерлі күнде олардың есімі аталып, әндері шырқалып, құрмет көрсетілуі заңдылық қой. Белгілі әнші Жасұлан Наурызбайұлы Үкілі Ыбырайдың “Гәкку” әнін шеберлікпен шырқаса, Sun Study оқу орталығының ұстазы Дамир Еркінұлы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рахимовтың “Қазағым-ай” әнін өте жоғары деңгейде әуелетті.

Жанболат Шәкімнің “Әке үкімі” шығармасынан оқылған үзінді де көпшіліктің жүрегін тербеп, терең ой салды.

Кеш барысында келген қонақтар да топ ішінен суырылып шығып, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жарыса, жатқа оқыды. Қазақ халқының атаға деген құрметін осындай сәттер тағы бір айқындап берді.

Іс-шара соңында Мұхтар Шахановқа сый-сияпат ұсынылып, ақын өзінің ақ батасын берді.
Sun Study оқу орталығының Гүлфайруз Мықтыбекова бастаған ұстаздары мен оқушылары Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған әндерін әуелете шырқап, іс-шараны түйіндеді.


Кештің маңызы тек әдебиет пен өнерді насихаттауда емес, ұлт руханиятын, тәуелсіздік жолындағы күресті дәріптеуде. Мұхтар Шахановпен осындай әсерлі кездесу жастарға шабыт сыйлап, елге, тілге деген сүйіспеншілікті одан әрі арттыра түсті.

Пікірлер