Тарихшы Амантай Исаұлы – Бүгін Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алу күні болуы керек

194
Adyrna.kz Telegram

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Қазақстанның тәуелсіздігіне жету жолындағы алғашқы маңызды қадам. Дегенмен, сол күннің тарихи маңызы әлі де толық зерттелмей келеді.

Бұл туралы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Амантай Исаұлы “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.

Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызына тоқталып өтсеңіз

— Желтоқсанды мен әлемдік маңызы зор, азаттық жолындағы бүкілхалықтық қозғалыс деп білемін. 17 желтоқсан күні Мәскеудің республика билігін ауыстыру шешімімен келіспеген бейбіт шеру сол кездегі биліктің халық талабына құлақ аспақ түгіл, күш көрсетіп, қақтығыстарға әкелгенін, бейбіт шерудің көтеріліске ұласқанын көруге болады. Сол күні халық жеңіске жетті, билік күштері алаңды тастап шегінді. Бостандыққа ұмтылған халық рухтанды. Кейін бұл күн елімізде "Демократиялық жаңару күні" деп аталды. Бас көтерудің экономикалық, әлеуметтік қордаланған себептерімен қатар ондаған жылдар бойы ұлтты кемсіту, тілді төмендету саясаты болды.

Алаңға шығып, орталық биліктің шешіміне қарсы шыққан 20-30 мың адамның көбі жұмысшылар болды. Студенттер мен оқушылар оларға қарағанда екі еседей аз-тын. Барлық әлеуметтік топтар қатысты, оның ішінде қатардағы мұғалімдер, ғалымдар, өнер адамдары, зейнеткерлер, дені қазақ болса да қазақтан басқа ұлт өкілдері де болды.

Желтоқсан көтерілісінің орны ерекше. Ол тәуелсіздік жолындағы қайта жаралған халық рухы болатын. Сол рухтың нақты туған күні — 17 желтоқсан. Сол күні кеңес заманындағы бұғу, жалтара сөйлеу - бәрі қалды. Алаңға шыққан мыңдаған адамдар ұлттық көңіліндегі ой-армандарды ақтара, ұлттың ғасырлар бойы жойылмаған, шыңдалған қайсар мінезі мен жігерін көрсете білді.

"ТАРИХТАҒЫ КІР КӨТЕРЕ БЕРСЕ ТЫМ АУЫР”

— Желтоқсан көтерілісі тақырыбын жеткілікті зерделеп болдық дей аламыз ба?

— 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағы деп аталған алып империяның күйреуге аяқ басқанын алғаш сездірген, коммунистік жүйеде өмір сүрген бірқатар Еуразия мемлекеттеріндегі өзгеріс құбылыстарын тездеткен ірі, әлемдік маңызы бар оқиға болып тарихқа жазылғаны хақ.

Желтоқсанның ащы шындықтарын ашып көрсетуге мүдделі емес адамдар жеткілікті болды. Ол үшін белгіл бір адамдарды жазғыра берудің көп жөні жоқ. Тағы бір жайлар психологиялық тұрғыдан қарағанда ұғынықты.

Тарих мәліметтерінен туатын кейбір ашу-ызаның, жалпы, болмағаны немесе көлеңкеде қала түскені дұрыс. Тарихтағы кір көтере берсе тым ауыр.

1986 жылдың әйгілі желтоқсан күндерінде Қазақстандағы қалалар мен ауылдар, елді мекендерде болған оқиғалар туралы мәліметтерді жинастыру маңызы үлкен екенін ескеру қажет. Шынында, сол Шымкент, Талдықорған, Сарыөзек, Талғар, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, тағы басқа мекендерде оқиғалар қалай өрбіді, немен басталып, немен аяқталды - бұл туралы білгісі келетін жанға тиянақты деректер жоқтың қасы.

Алматы оқиғаларының суреттеліп-баяндалуында бұлынғыр тұстар аз емес.

Қалам тартқандар, әдетте, қозғалыстың кейбір себеп-салдарына тоқталып, зәбір көрген жастардың тағдырларын сөз етіп, оқиғаға кінәлі деген лауазымдыларды атап, оларды жуапқа шақыру қажет деген сияқты үйреншікті мінеу, әшкерелеу сарындағы жазғандармен шектеліп келеді.

Республикада жарияланған материалдарға қарап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жете сипатталмай келе жатқан кезеңдерінің бірі - Алматыдағы Республика алаңындағы (ол кезде Брежнев алаңы) 18 желтоқсан күнгі кешкі бес пен онның арасындағы оқиғалар дер едік. Бәлкім оқиғаларды көзбен көргендіктен бе, жарық өрген естеліктер мен баяндарда олар тым атүсті, кейбір маңызды тарихи дәйектер аталмай бара жатқан сияқты.

АЛАҢНАН ТҰҢҒЫШ РЕТ ЕРКІНДІК ЛЕБІ ЕСТІ”

Аға, сол бір кезді еске түсірсеңіз, оқиға картинасы қалай болар еді?

– Ол күнді еске түсіру ауыр, әрине. 17 желтоқсанның күндізгі сағаттарында ҚазМУ мен ҚазПИ-дің  оқу ғимаратында болып, қалада үлкен абыржу ғана емес, наразылықтың басталғанын білген едім. Қала орталығына жетіп, үйреншікті әдетпен, Абай даңғылында орналаскан кітап дүкеніне де соғып үлгеріппін.  Қолыма Абайдың “Айттым сәлем, қаламқас" деген баспадан жаңа ғана шыққан әндер жинағын ұстап, кешкі беске қарай адамдар лық толы алаңға Күләш Байсейітова кешесімен шықтым.

Коммунистік идеология мен кеңестік жүйеге қашан да наразылығын ас үймен ғана шектеген адамдар үлкен қарсылық көрсете алмас деп ойлайтынмын. Алаңнан тұңғыш рет еркіндік лебі есті.

Алаң ғимараттары орналасқан Сәтбаев көшесінің жиегінде жағдайды байқастап тұрдым. Аспирант әріптестерім де сол маңайдан көрінді. Алаңдағылардың дені жастар - студенттер, жұмысшылар, арнаулы оқу орындарының оқушылары, мұғалім-ұстаздар. Араларында егде адамдар да болды. Олардың кейбіреуі жастарды жігерлендіріп, оларға ақ баталарын беріп, қолдау тілектерін айтуда. Жиналғандардың басым көпшілігі - қыздар. Алаңның ар жағындағы "тәртіп адамдары" шебінің алдында тұрғандар, көбінесе тағы да сол қарындастар.

Алаңнын орта тұсында, орталық трибунаға жақындау жерде бір жігіт қолына ұстаған динамик арқылы сөз сөйлеуде. Жиналған халық Орталықтың, Мәскеудің шешіміне бір кісідей наразы. Алаңдағылардың сөздерін естіртпеу үшін репродукторлар арқылы қазақ әндері күшейтіле қойылған. "Милициядан" құрылған ұзын шеп митингіге шығушыларды күшпен ығыстырып тұр. Басқару режимінің адамдары мінберден сөйлерде музыка тоқтатылады да, сөз аяқталғанда қайта қосылады.

Сөздері жұрт иланатындай емес, қысқа, "бәрі дұрыс, тараңдар"деген мағынада. Алаңдағылар сөз сөйлегенде маңайындағылар айнала тізе бүгіп отыра қалады. Көп адамдар сонда сөз сөйлеушіні көріп, оның сөзін жақсы тыңдай алады.

Кешкі сағат алтыдан аса бергенде репродуктордан берілген командалар бойынша “тәртіп орнатушылар қалқанмен қорғана жүріп, шеп сақтап, шабуылдға шықты.  Шептегі милицияның” шабуылы 17 желтоқсандағы оқиғалардың кульминациялық бір тұсын бастап берді. Трибунадағы лауазымдылардың ызасын келтіріп, жастар аракідік қар лақтырып ғана тұрған. Қақтығысты “тәртіп сақтаушылар” осылай бастаған соң, алаң үлкен қозғалысқа көшті.

Тәртіп сақшылардың әрбір шабуылынан кейін қоршауда қалған немесе таяқпен соғылған, құлап қалған жастар шеп сыртына әкетіліп, шабуылдар шебі адам нөпірінен шегініп, репродуктормен берілген бұйрықпен қайта шабуылдап отырды.

Осы теке-тіресті өз пайдасына шешу үшін билік жағы алаңға “өрт сөндіруші” машиналарды жіберді. Машиналардың адамдарды қаға-баса алаң ортасымен жүйтки жүруі жаңа бір ашу-ыза тудырды. Қақ жарылған топтағы жстар машинаны қармен атқылай бастады. Ол кезде шеруге шыққандардың қолында ағаш, таяқ дегендер болмаған. Ал машиндағылар қарсы су атқылады. Үлкен қақтығыстар сол кезде басталды. Алаңның қала жқ шетіне қарай ығысқан жастар тепкілеп, сқз ойып алып, ағаштардың бұтақтарын сындырып, қарсы шабуылға шықты.

Шамдары сөндірілген, қараңғыланған алаңда брандспойт машинасының өртенуі, оның отының биікке көтереліп қаулап жануы алыңда тыныштық орнатып, көтерілістің сол күнгі жеңіске жеткен сәтін белгіледі. Сөйтіп, кешкі жетіден жиырма минуттай өткенде наразылық білдірушілер бүкіл алаңды өз қолдарына алды. Сол сағатта еркіндікті жеңіп алған халық Жаңа алаңда ерсілі-қарсылы еркін адымдап жүрді. Алаңдағы сол күнгі азат елдің еркін шеруі үш сағатқа созылд. Уақыт кеш болып, ертемен осы алаңда жүрген адамдар саны біртінде азая бастады. Міне, ескерусіздеу болып келген оқиғашежіресінің бір мезгілдері осындай еді.

Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсанға қою қаншалықты дұрыс болды? 16 желтоқсан Аза тұту күні болу керек пе, әлде мереке ме?

–16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.  "Аза тұту" деп белгілеу артық. Тәуелсіздік туралы құжат 1991 жылы  сол күні қабылданған.  17 желтоқсан – Демократиялық жаңғыру күні. Халықтың 1986 жылы азаттық  үшін жалпыхалықтық бас көтерген, рухтанған  күні.  Ал 18 желтоқсан, яғни бүгін Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алу күні болуы керек.

Тәуелсіздік күні ешқашан өзгермейді! Мемлекеттің басты мереке күні болып қала береді. Бірақ, аса даурығып, ұланғайыр мейрам жасаудың да қажеті аз. Тәубаға келіп, сабырға шақыратын, маңызын іштей сезінетін ұлы күн.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Пікірлер