17 желтоқсан күні таңертең Шымкент қаласында жеке тұрғын үйде өрт шығып, 52 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Өрттің аумағы 100 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар оқиға орнынан 1972 жылы туған әйелдің денесін тапты. Сонымен қатар, 2000 және 2001 жылдары туған екі азамат пен нәресте зардап шеккен. Олар түтіннен улану салдарынан шұғыл ауруханаға жеткізілді.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, қаза тапқан әйел Түркістан облысы тергеу сотының төрағасының бұрынғы жұбайы болған. Оқиға орнынан керосин құйылған канистрлер табылған.
«Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Іс бойынша тергеу Шымкент полиция департаменті басшылығының бақылауында», — делінген хабарламада.