Алматы – Қазақстанның спорттық өмірінің орталығы. Осы орайда біз танымал спорт комментаторы Лилианна Әлжановамен сұхбаттасып, қаладағы спорттың дамуы, оның ішінде мәнерлеп сырғанау сияқты тартымды спорт түрінің болашағы туралы әңгімелестік.
Комментатор Алматының спорттық инфрақұрылымын, жас спортшыларға жасалып жатқан мүмкіндіктерді және қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын атап өтті. Оның айтуынша, Алматының халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндігі жоғары, ал бұл өз кезегінде жас таланттарды тәрбиелеуге үлкен серпін береді.
- Сіз, мәнерлеп сырғанау спортын көрерменге танытуда үлес қосып жүрген жансыз. Сол жолдағы ел спортшылары жайлы не айтасыз?
- Ел спортшылары дегенде ең алдымен Михаил Шайдоровты айтуға болады. Себебі, Михаил 1-3 қараша күндері өткен гран-при жарысында тарихи элементті секіріп әлем тарихын жаңартты. Ондай күрделі элементті секірген спортшы өте жақсы ұпай алады. Міне, сол элементті әлемде ең бірінші болып, ресми жарыста секірген біздің Шайдоров. Екі аптадан кейін Қытайдағы «Cup of China» турниріне қатысып, былтыр қола алса, биыл күміс алды. Тағы бір айтулы жаңалық Михаил мәнерлеп сырғанаудан гран-при финалға шыққан алғашқы Қазақстандық спортшы. Сол шешуші кезеңге Михайл Шайдоров өтті. Бұл сайысқа әлемдегі рейтингі жоғары ең мықты спортшылар қатысады. Сонымен қатар тек қана алты спортшы шығады. Міне, сол мықты алтының ішінде біздің мәнерлеп сырғанаушымыз бар. Сондықтан да әрине ел спортшылары дегенде ең алдымен соны айтамыз.
Элизабет Тұрсынбаева спорттағы үлкен жолын аяқтағаннан кейін халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген қыздарымыз жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің ең бір мықты мәнерлеп сырғанаушыларының бірі болған Софья Сомоделкина біздің ел атынан шығуда. Бұрын ол спортшы үш айналым аксель, төрт айналым тулупты секіретін. Бірақ, әліде ресми жарыста күрделі ультраси элементін секірген жоқ. Бұрынғы Софья мен қазіргі Софьяның айырмашылығы жер мен көктей. Әйткенмен ,біздің федерация сол спортшыға көмек көрсетіп екінші рет Америкадағы Рафаэль Арутюнянға жіберді. Бұл кісі әлемдегі ең білікті маман саналады. Міне, сол кісіден тағылымдамадан өтіп жатыр. Әрине, барып-келіп жүру көмектеспейді. Жақсы нәтиже көрсетіп, жүлде алу үшін Америкада тұрақты жаттығуы керек. Дегенмен ондай атақты маманның қол астында жаттығу арзанға түспейді.
Жасөспірімдер арасындағы гран-приде жүлде алған үшінші жігіт Рахат Бралинді айтуға болады. Денис Тен бұрын осы жарыстың финалына шыққан. Сосын , Михаил жүлделі болды. Онан кейін жүлде алған спортшы ол Рахат Бралин.
Сонымен қатар, мұздағы кейпі өте әдемі,мәдениетті, оймен сырғанайтын Диас Жиренбаевты айтуға болады. Қазақстандық жанкүйерлер бұрынғы Денистің сырғанауына көп ұқсатады. «Қазақстан мәнерлеп сырғанау спортының ханзадасы» деп атап жүр.
Мәнерлеп сырғанау да екі категориядағы жұптар жарысады. Бірі бишілер. Олар ешқандай секіруді жасамайды, тек билейді. Екіншілері, спорттық жұптар. Онда әрине өте күрделі элементтер орындалады. Яғни, екі спортшы да үйлесімді секіруі керек. Жігіт қызды лақтырғанда, қыз құламай түсуі тиіс. Міне, мәнерлеп сырғанаудың сондай күрделі түрінен бізде жұп жоқ. Ал бишілерден Гауһар Наурызова мен Байсангур Датиев жұбы бар. Универсиада да өте жақсы өнер көрсетті. Нәтижесінде, қатысқан он жұптың бел ортасына тұрақтады. Испаниялық Кирилл Халявин мен Сара Уртадо жұбы ашқан Мадридтегі мектепте жаттығып жатыр. Қазір, Түркиядағы «Bosphorus Istanbul Cup» турниріне қатысып жатыр.
-Иә, Михаил қиын секірулерді орындайды. Әйткенмен, Шайдоровтың сырғанауынан қандай өзгешелікті аңдауға болады? Өзіндік бір мәнері бар ма?
-Михаил жасөспірімдер санатынан ересектер арасына өткенде оның сырғанауынан гөрі секіруі басымырақ болғаны байқалды. Яғни, бапкері екеуі ең бірінші назарды қиын элементтерді секіруге қойған. Ал, мәнерлеп сырғанау тек қана секіруден тұрмайды. Бұл спорт әдемі сырғанау, жақсы айналым жасауды, конькиді шеберлікпен тебу мәнерін талап етеді. Міне, оған осы тұстары жетіспеді, оны спортшының өзі де түсінді. Халықаралық жарыстағы төрешілер құрамында жоғары дәрежедегі спортшысы қатысқан елдің де төрешісі болуы тиіс. Екі гран-приде Қазақстанның атынан екі төреші барды. Әр жарыстан кейін төрешілердің жиналысы болады.Сонда айтылған сынды біздің төрешілер спортшыға жеткізеді. Михаилмен сұхбаттасқанымда сондай ескертулерді ескергенін, осал тұсымен жұмыс істеп жатқанын айтты. Қазір ол арасында Алматыға келгенде хореограф И.Мещеряковтан заманауи би қимылдарын үйреніп жүр екен. Сонымен қатар Михаилдың айтуы бойынша, ол сырғанау мен айналу жағын түзеткен. Өткен гран-придегі нәтиже қағазына қарасақ, Михаилдың спорттық мансабында алғаш рет бір айналымымен өрнек жолына төртінші дәреже берілген. Бұл, оның осал тұстарын түзеп жатқанын дәлелдеді.
-Көп сында Михаил Шайдоровтың алтын алуға мүмкіндігі болды. Бірақ, мәнерлеп сырғанаудың майталман елдері қаталық жіберсе де алғы орынға шығып кетеді. Мұның артында федерациялық ынтымақтастық жатқан жоқ па?!
-Мәнерлеп сырғанау өте қымбат спорт. Бұл жерде спонсорсыз ештеңе өнбейді. Сондықтан да мәнерлеп сырғанауда бірінші орында экономикасы дамыған Америка, Жапония, Ресей, Франция, Италия, Канада т.с.с. бай елдердің спортшылары жүреді. Мұның ішінде Денис Тен салып кеткен жолды біздің спортшылар жалғастырып жатқанына ризамыз. Әрине, алпауыт елдердің федерациялары да өте бай. Мәселен, Америка мәнерлеп сырғанау федерациясы жайлы ақпарат іздесең, бірнеше бөліктен тұратын атақты сайт шығады. Ресей, Канада, Жапонияда да сондай. Әрине, біздің федерация енді-енді құрылып жатыр. Бұрын конкишілер федерациясының құрамында болдық. Онда шорт трек, конкимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау үшеуі біріккен болатын. Былтыр бөлек шықты. Қазір ең бастысы елімізде мәнерлеп сырғанаудың бөлек федерациясы бар. Бұл жақсы жетістік. Бұрын Денис пен Элизабет спортта жүргенде бұл спорттың өз федерациясы жоқ болатын. Өз алдына бөлек шыққан соң, болашақта өте жақсы жұмыстар атқарылатынына сенемін.
Қазір әлемдегі ең мықты федерациялардың бірі ол - Жапон федерациясы. Жапон мәнерлеп сырғанау федерациясы еліндегі бай компанияларды өздеріне демеушілікке тартады. Мысалы, кез-келген әлем чемпионатын қарасаңыз мұз жиегінде сол демеуші компаниялардың аты жазулы тұрады. Мәнерлеп сырғанауға спонсор болған елдің спортшылары орын алмай қалса, мұның түбі саясатқа келіп тіреледі. Онда компания спонсор болмайды. Сондықтан кішкене болса да төрешілердің бүйрегі сондай алпауыт федерациялардың спортшысына қарай бұрып тұрады.
Мысалы, өткен гран-приде жапондық Сюн Сато нашар сырғанады, бірнеше элементтен қате жіберді, бірақ бәрібір көркемдік жағымен Михаилды жеңіп кетті. Ал, көркемдік жағы деген ол әр төрешінің алған әсері. Көркемдік тұрғыдан үш критерий бар: 1. Спортшының сырғанауы яғни коньки тебу мәнері; 2. Таңдалған әуенді аша алуы,көрерменге жеткізе білуі; 3. Әуеннің қимылмен үйлесуі;
Осы үш критерийге әр төреші алған әсеріне қарай қалаған бағасын береді. Ал, техникалық жағынан расында Сюн Сато Михаилдан жеңіліп қалды. Көркемдік жағынан үш,төрт ұпайға алға кетті. Міне, осылай ылғи да алпауыт федерациялардың спортшылары жеңіп кетіп жатады. Мысалы, олар әлем, төрт құрлық чемпионаттарына толық құраммен барады. Оның ішінде массаж жасаушы, дәрігер, менеджер, журналист, пиар т.с.с мамандар бар. Михаилдың айтуынша біздің елден жаттықтырушысы екеуінен басқа ондай құрама бармаған. Әрине, мұның түбі қаржыға келіп тіреледі.
-Спортшының бағдарлама әнін таңдау құқы өзінде ме? Денис пен Айза әуен арқылы қазақ мәдениетін танытуды қалады. Соған сай мұзға күймен шықты. Шайдоровтан да осындай қадам күте аламыз ба?!
-Бағдарламаға ән таңдау құқы спортшының өзінде. Егер де өзіне ұнамсыз әнге билесе жақсы нәтиже көрсете алмайды. Ең бастысы таңдалған әуенді спортшы ұнатуы, түсінуі керек. Әнді түсінбесе, сезінбесе көркемдік жағынан жақсы баға ала алмайды. Себебі, әнді сезінуі мұз айдында тайға таңба басқандай байқалып тұрады. Қанша жерден жақсы секіретін спортшы болса да ол көркемдік жағын ұмытпауы керек.
Айзаның мұзға күймен шығуының себебі өзіндік бір ұстанымы сондай болды. Әр спортшының мұзда өзіндік қолтаңбасы болады. Мәселен, Михаилдікі қиын элементтері. Юлия Липницкаяның мықты тұсы жақсы айналымы. Айзаның қолтаңбасы- мұздағы қазақ қызының бейнесін көрсеткені.
Денис әлемдік қиын классикаларға да биледі. Гала шоуда күйге билеген. Мәселен, Сочидегі қойылым кешіне қай елден келгенін көрсетіп күймен шыққан. Ал Шайдоровтың стилі мүлдем басқа.
- Алдағы ақтық сында Михаилдан қандай нәтиже күтуге болады? Үздіктер қатарынан топ жаруы мүмкін бе, қалай ойлайсыз?!
-Михаилдың ақтық сынға шығуының өзі біз үшін керемет нәтиже. Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева да гран-придің ақтық кезеңіне шықпаған. Жүлде жайлы айтсақ, бәрі мүмкін. Бірақ, алғашқы екі орынды мықты спортшылар бере қоймас. Себебі, әлем бойынша алғы орында тұрған Америкалық Илия Малинин бар. Екінші орынды француз немесе жапон мәнерлеп сырғанаушылары алуы мүмкін. Жарыс Франция да өтетіндіктен төрешілердің сол ел спортшысына сәл тартылып тұратыны белгілі. Ал, үшінші орынға таласуға мүмкіндік бар.
Қазақстан да мәнерлеп сырғанау спорты енді ғана бас көтеріп келе жатыр. Әуелден Денис пен Элизабеттің арқасында. Онан кейін Михаил. Бұлардан соң мұзға шығатын жаңа буын осындай нәтиже көрсеткен сәтте ғана халықаралық аренада біздің беделіміз арта бастайды.
-Мәнерлеп сырғанау жанкүйерлері Михаилды Денистен асып түсті деп жатыр. Не айтар едіңіз?
-Менің ойымша, Михаилдың қазіргі кезде әлемдік сайыстарда осындай нәтижеге жетіп жүруі Денистің жеңістерінен кейін болған жақсылық сияқты. Себебі, Қазақстаннан алғаш рет әлем чемпионатында, гран-прилерде медаль алған Денистің жеңістерін көріп біздің басқа да спортшылар әлемдік аренада жақсы өнер көрсетуге болатынын түсінді.
Денис пен Михаилды салыстыруға болмайды. Иә, Шайдоров қиын секірулер орындап жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.Оның жеткен жетістіктерін жоғарыда атап өттік. Алдағы уақытта финалда өнер көрсетеді. Бұрын соңды Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы гран-придің финалына ешқашан шықпаған еді. Оның сонысымен-ақ Қазақстан мәнерлеп сырғанау тарихында өзіндік орны бар. Ал, Денистің орны мүлдем өзгеше.
- Жоғарыда Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясындағы бірер кемшілікті атап өттіңіз. Мұны түзеу үшін не ұсынар едіңіз?
-Ең алдымен жақсы менеджмент керек. Мәнерлеп сырғанау федерациясындағы ауыс-түйіс тұрақталған жоқ. Ең әуелі тұрақтылық керек. Мәселен, теннис, шахмат федерацияларын басқарып отырған тұлғалар секілді маман келсе, қаржы мен тәртіп жағы түзелер еді.
Ps. Ел боп елеңдейтін күндер иек артпада деген Сейдағаң. Мәнерлеп сырғанаудан да сол күндерге жетейік!!!