ЖСДП билікке өтті ме?

3068
Adyrna.kz Telegram

"Ақиқат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының  15-съезінде партия төрағасы болып Асхат Рақымжановтың  сайлануы қоғамдағы қаулаған әңгіменің негізі болды. Осыған дейін партияны басқарған Ермұрат Бапиға партияластары сенімсіздік білдіріп, орнынан алып тастады. Алып қана қоймай, партия қатарынан шығарып жіберді. Партияның жаңа төрағасы Асхат Рақымжанов бұған дейін партияның Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесіне жетекшілік еткен.

Қазіргі төраға болып сайланған Асхат Рақымжанов партияның 15-сьезі басталысымен көктемде Парижге барған Ермұрат Бапиды айыптап, Әкежан Қажыгелдинмен, Бергей Рысқалиевпен кездескенін сынады. Сосын, партия мүшелерінен төрағаға сенімсіздік білдіруді сұрап, партияның жаңа төрағасын сайлауға шақырды.

Өзінің отставкасын қабыл алуды сұраған Ермұрат Бапидың қолынан партияның тағы бір орынбасары Тазабек Сәметай микрофонды алып, орнына отыруын сұраған. Оған "Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер" деп Ермұрат Бапи жиналысты тастап шығып кетті.

 

Видео
"Азаттық" радиосының видеосы

 

Бір қызығы, Бапиды Парижде Қажыгелдинмен кездесті деп айыптаған Асхат Рақымжанов та, Тазабек Сәметай да, тағы бір орынбасар Мейрамбек Қамалов та бәрі бірге Парижге барған.

Ермұрат Бапидың өзінен осы жағдайға пікір білдіруін сұрағанымызда " Мен бұлай болады деп ойламадым. Негізгі, партияның күн тәртібінде күздегі саяси науқандарға партияның белсенділігін арттыру мәселесі қаралуы тиіс болатын. Ал, жаңағы мені айыптап отырған үш орынбасар да менімен бірге Парижге барған болатын. Олардан бөлек Алматыдан да, елордадан да азаматтық қоғам өкілдері барды. Жастарға орын беру керек деп жатырмыз ғой. Мен осы сьезде өз орынымды Жанболат Мамайға қалдырып, партия мүшелерінен Мамайдың кандидатурасын қолдауды сұрамақшы болғанмын" деп жауап берді.

- Жанболат Мамайды партия төрағасына ұсыну туралы ойыңызды басқа біреулер білуші ма еді?

- Ешкімге айтқан жоқпын. Қазіргі Қазақстанның жағдайында мұндай нәрсені ешкімге айтпау керек екенін мен жақсы білемін. Сондықтан Мамай жайлы ешкім хабарсыз болатын.

-ЖСДП биліктің жобасы деп жатқандарға не дейсіз?

-ЖСДП ешқандай да биліктің жобасы емес. Осы соңғы президент сайлауынан кейін біздің қоғам қатты өзгерді. Біздің азаматтық қоғам оянды. Саяси алаңды сайлауға дейін және сайлаудан кейін деп қарауға болады. Мен осы азаматтық қоғамды ЖСДП-ның қасына топтап, әрекет етейін дегенмін. Ал, ЖСДП-ны соңғы жағдайларға қарап, билік немесе билікке қатысы бар кландар басып алды ма деп ойлаймын. Осы партияны сақтап қалу үшін көптеген қоғамдық қозғалыстар мен қоғам белсенділері маған хабарласып, соңына дейін күресуімді сұрап жатыр. Сьезге шақырылған облыстар  облыстық филиалдардың сьезге делегаттар сайлайтын жиналысы болған жоқ деп жатыр. Бұндай жағдай Шымкент филиалында, Шығыс Қазақстан облысы мен Түркістан облыстық филиалдарында тіркелген екен. Сайлауда белсенділік көрсеткен тәуелсіз бақылаушылар арқылы осы жағдайлар анықталса, сьезді заңсыз өтті санауға толық негіз бар.

-Әлеуметтік желіде Бапи Қосановтың бажасы болғандықтан сенімсіздік білдірілді деген ақпарат тарап жатыр.

-Жоқ, бұл негізгі себеп емес. Біреулер бұны мақсатты түрдек әдейі таратуы мүмкін. Әйтпесе, Қосанов сайлауға түскенде ЖСДП байкот жариялаған болатын. Сол партияның төрағасы ретінде мен де байкотты қолдаған болатынмын.

 

"Ақиқат" ЖСДП-на партия төрағасы болып келген Асхат Рақымжановты білетіндер қазақшаға шорқақ дейді. Қазіргі таңда Қазақстанның әлеуметтік-саяси қоғамы толық қазақшаланды десе болады. Орысша сөйлеп, орысша пікір айтатын саясаттанушылар мен саясаткерлердің елеусіз қалғаны да сол. Осы жағдайды ескерсек, "Ақиқат" ЖСДП -ның қазақшаға шабан төрағасы қазақ қоғамына қаншалықты ықпал ете алады?

Білетіндер, Ермұрат Бапидың партия төрағалығынан кетірілуі 2021 жылы өтуі тиіс Парламент сайлауының мерзімінен ерте өтуінің алғышарты дейді. Оппозициялық партия ретінде тіркелген "Ақиқат" ЖСДП Парламентке орын алатын болса партия төрағасы Ермұрат Бапи сөзсіз депудад болады. Ондай жағдайда 20 жыл билікке оппозиция болып келе жатқан Бапи Парламентке барса мүлгіген Парламентке "жан бітіреді" деп қорқады дейді саясаттан хабары барлар. Сондықтан 2005 жылы Бәйменов пен Жуланова билікке қатер төндірген "Ақжолды" қалай бөлгенін еске алсаңыздар да жеткілікті. Билік сол технологиясын осы жолы пайдаланды дейді әлгі білгіштер.

Әкежан Қажыгелдин болса бұл істің артында Ақорда мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрмағанын айтады.  "Азаттық" радиосына берген сұхбатында шет елдегі экс-премьер Асхат Рақымжановтың артында белгілі күштер тұрғанын, бірақ ол Ақорда мен қазіргі президент емес, билікке қатысы барлар болуы мүмкін деген болатын.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай 26 сәуірде өткен партия съезінде төраға қызметінен кетіп, оның орнына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи сайланған еді. Сол сьезден соң партия атауы "Ақиқат" ЖСДП болып өзгерген.

Оңғар ҚАБДЕН

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер