XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қазылар алқасының 70%-ы шетелдік сарапшылардан тұрады

315
Adyrna.kz Telegram

«Еуразия» кинофестивалі кезекті рет өзінің Орталық Азиядағы ең ауқымды жəне беделді мəдени іс-шара екенін дəлелдеп отыр. Биыл қазылар алқасының 70%-ын Түркия, Қытай, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Швеция, Марокко сияқты елдерден келген шетелдік сарапшылар толықтырды. Бұл фестивальдің халықаралық деңгейде мойындалғанын жəне оған деген қызығушылықты айқындайды.
Мəдени шара 24-30 қараша аралығында Алматыда өтеді. Кино əлемінің үздік мамандары – режиссерлер, актерлер, сценаристер мен көрермендер бір алаңда тоғысады. Олар өзара пікір алмасып, заманауи киноның дамуындағы жаңа əдістерді талқылап, өз тəжірибесімен бөлісе алады.
Фестивальдің негізгі байқаулары да ерекше назарда. Халықаралық байқауға əлем кинематографиясының аңызы, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» иегері Нури Бильге Джейлан төрағалық етелі. Қазылар алқасының құрамына сондай-ақ Рано Шодиева, Нада Ажари Гиллон, қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов жəне қырғыз режиссері Артықпай Сүйіндіков бар. Ал Орталық Азия жəне түркі əлемі елдері байқауында бақ сынасатын туындылардың ең үздігін басқа топ анықтайды. Қазылар алқасының төрағасы Ли Баохуа. Оның шығармашылығы негізінен мəдени мұра тақырыбына арналған жəне киносүйер қауымның көңілінен шығады. Қытайлық режиссермен бірге фильмдерді марокколық Абделила Эль Джаухари, ресейлік Алексей Тельнов жəне қазақстандық продюсер Жанна Қуанышева бағалайды.
Фестивальге сондай-ақ Азия елдерінің кинематографиясына ерекше көзқарас ұсынатын NETPAC қазылар алқасы қатысады. Олардың қатарында Нина Кочеляева, Гүлбара Толомушова жəне Андре Рафаэль Иванов бар.
Кинофестивальдің жүлде қоры да көңіл қуантарлық. Ол 20 миллион теңгеден асады. Байқаудың бас жүлдесін жеңген фильм 4 миллион теңгені қанжығасына байлайды. Бұл отандық жəне шетелдік кинематографистерді шабыттандыратыны сөзсіз.
Фестиваль аясындағы көрсетілімдер 25-30 қараша аралығында Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтеді. Ең

бастысы мəдени шараның кең аудиторияға қолжетімді болуы үшін барлық көрсетілімдер тегін болмақ.
Дəстүрлі фестивальдің негізін қалаушы жəне ұйымдастырушы – ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.
Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Eurasian Resources Group (ERG), Astana Motors демеушілік етті.
Бас демеуші: Bazis-A халықаралық құрылыс компаниясы.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz.

Пікірлер