"Бізге белгісіз адамдар қоңырау шалады". Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуілі әлі жалғасып жатыр

1112
Adyrna.kz Telegram
Фото: orda.kz
Фото: orda.kz

Жаңаөзенде «бұрғылау жұмыстары басқармасы» компаниясы қызметкерлерінің наразылығы әлі жалғасып жатыр. Мұнайшылар белгісіз адамдардан қоңырау келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Orda.kz мәлімдеді.

Акцияға қатысушылардың бірі Мұратбай Жұмағалиев наразылыққа мыңнан астам адам қатысып жатқанын айтты. Orda.kz-ке сұхбат берген жұмысшылар лагерь ұйымдастырып, митинг тәулік бойы жалғасатынын мәлімдеген.

«Бізге белгісіз адамдар қоңырау шалып: егер біз митингті тоқтатпасақ және тарамасақ, өзімізге жаман болатынын айтты. Бірнеше рет қоңырау шалып, қорқытты. Менен жігіттерді таратуды талап етті. Бірақ оларды мұнда ешкім күштеп ұстамайды. Барлығы өз еркімен», - деді Жұмағалиев.

Ереуілге шыққан жұмысшылар анонимді қоңырауларға байланысты полицияға бармайтынын, қойған талаптар орындалғанға дейін ереуілді жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Бізде тек бес талап бар. Біз алтыншы разрядты қосқымыз келеді, сонымен қатар өндірісте денсаулығын жоғалтқан зейнеткерлердің орнына олардың балаларын  жұмысқа алғымыз келеді. Егер мұнайшылар отбасын асырай алмаса, балаларына рұқсат етіңіз. Жұмыстың ауырлығына байланысты жалақыны 30 % - ға арттыру қажет. Себебі бізде бір адам екі-үш адамның орнына жұмыс істейді, өзі от жағады, жүргізуші де және т.б. Олардың жалақысын көтеру керек немесе басқа адамды жұмысқа алу керек. Басқа ұқсас кәсіпорындарда, мысалы, «Қаражанбасмұнайда» төрт адам біздегі  бір адам атқаратын жұмысты орындайды»,дейді Мұратбай Жұмағалиев.

«Қазмұнайгазда» осы жағдай туралы түсініктеме берілді.

«Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ӨМГ Бас директорымен әңгіме жүргізілді. Орынсыз мәлімдемеге байланысты болған оқиғаға өкінеміз. Өз кезегінде, бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерін сабырлы болуға және арандатушылық мәлімдемелер мен әрекетсіз сындарлы диалогқа  шақырамыз»,- ҚМГ-да хабарланды.

Айта кетейік, БЖБ компаниясының жұмысшылары жұмысты тоқтатып, басшылыққа бес түрлі талап қойғаны туралы жазған едік.

Пікірлер