Алматы әкімі Германияның Бас консулы Маттиас Кислермен кездесті

172
Adyrna.kz Telegram

Ерболат Досаев осы жылдың тамыз айында қызметіне кіріскен Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы жаңа Бас консулы Маттиас Кислермен кездесті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне, денсаулық сақтау, экология және цифрландыру салаларына инвестиция мен технология тарту жайы талқыланды. Атап айтқанда, Алматының индустриялық аймағында Германияның инвесторы жүзеге асыратын жалпы құны 75 млрд теңге болатын және 300 жұмыс орнын ашатын жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт құрылысы жөніндегі мәселелер қаралды.

Сонымен қатар, энергетика саласына арналған жабдықтар мен компоненттер өндірумен айналысатын жетекші трансұлттық компаниялардың бірінің аймақтық сервис хабын орналастыру мүмкіндігі талқыланды. Бұл хаб Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі салалық компанияларға сервистік қолдау көрсетеді деп болжануда.

Жалпы, екі ел арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінде Алматыда неміс капиталының қатысуымен 396 кәсіпорын немесе Қазақстанда орналасқан барлық кәсіпорынның үштен бірі жұмыс істейді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қарым-қатынасты нығайтуға уағдаласты және бірқатар бірлескен жобаны іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Пікірлер