Зеленский Ресеймен соғысты дипломатиялық жолмен аяқтағысы келетінін мәлімдеді

286
Adyrna.kz Telegram
Фото: president.gov.ua
Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский Киев келесі жылы Ресеймен соғысты "дипломатиялық жолмен" аяқтағысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Голос Америки-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Украина президенті Украиналық радиоға берген сұхбатында айтты.

Зеленский бұл мәлімдемені АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп билікке қайта оралса, соғыс "ертерек" аяқталуы мүмкін екенін айтқаннан кейін жасады.

Сонымен қатар, Ресей президенті Владимир Путиннің Германия канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлескеннен кейінгі екінші күні бұл мәлімдеме жасалды. Шольцтың бастамасымен өткен бұл сөйлесу Киевтің қарсылығына қарамастан ұйымдастырылды.

"Біз өз тарапымыздан келесі жылы соғысты аяқтау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Дипломатиялық жолмен. Бұл өте маңызды", – деді Зеленский Украиналық радиоға берген сұхбатында.

Ресей мен Украина арасында әлі де маңызды келіссөздер болмағаны атап өтілді. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп соғысты тоқтату үшін тез арада келісімге келуге уәде берген болатын.

"Ресейдің нені қалайтынын түсінуіміз керек", – деді Зеленский.

Владимир Путин Украинамен келіссөздер жүргізуге тек қана Киев Мәскеу басып алған украин аумақтарын тапсырып, бірқатар қосымша шарттарды орындаған жағдайда ғана келісетінін мәлімдеді. Олардың арасында Украина НАТО-ға кіру ниетінен бас тарту да бар. Кремль бұл талаптарды Германия канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлескен кезде қайталағанын хабарлады.

Зеленский Путиннің талаптарын қабылдамады, себебі Ресей үшін "капитуляциялық шарттармен келіссөздер жүргізу" тиімді екенін және олардың мұндайға ешқашан жол бермейтінін атап өтті.

2025 жылдың ақпан айында Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 3 жыл болады. Соңғы айларда Ресей әскерлері Украина аумағына біртіндеп ілгерілеп, әскер саны мен қару-жарақ жағынан Украинадан басым түсуде.

Сенбі күні Зеленский ресейлік әскерлердің үлкен шығындарға ұшырағанын және кейбір аймақтарда олардың «жылдамдығы баяулағанын» мәлімдеді. Сонымен бірге, ол «орыстардың баяу болса да қысым жасап, алға жылжып жатқанын» мойындады. Ол Украинаның өз халқын бағаламайтын, техникасы көп және қанша адам қаза тапқанына немқұрайлы қарайтын мемлекетпен күресіп жатқанын атап өтті.

Пікірлер