Жалған дипломмен жұмысқа орналасқан «Семей орманы» резерваты қызметкерлері анықталды

946
Adyrna.kz Telegram

Абай облысында жалған дипломмен жұмысқа орналасқан  «Семей орманы» резерваты қызметкерлері анықталды. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жоғары оқу орындарын бітіргені туралы жалған дипломдармен жұмыс істеген Резерваттың 5 қызметкерлерін, оның ішінде бір филиал басшысын анықтаған.

«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің мәліметіне сәйкес аталған қызметкерлерге диплом берілмеген. Осы фактілер бойынша ҚК 385-бабының 3-бөлігі (жалған құжаттарды жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға жолданды», – делінген прокуратура таратқан ақпаратта.

Бұған дейін «Семей орманының» өртенген қалың қарағайы жүздеген миллионға сатылып жатқаны хабарланған. Хабарландыру мемлекеттік аукцион сайтында пайда болды. Аукцион сайтында бірден 30 лот жарияланды. Өртенген ағаш учаскелерінің бағасы 30 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін барады. Сатушы – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты.

Еске сала кетсек, 2023 жылы 8 маусымда “Семей орманы” резерваты аумағында өрт болып, салдарынан 14 адам қаза тапқан еді. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланған.

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды (қазір ол да бұл қызметте жоқ).

Пікірлер