Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ҚФФ президенті кім болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Журналистер «Әділет Бәрменқұловтың не үшін отставкаға кеткенін нақты білмейміз. Бірақ ол азаматтың футболшылармен қарым-қатынасы өте жақсы еді. Жеңісті сәттерде футболшылар Бәрменқұловтың маңдайын сүйіп, керемет қарым-қатынас бар еді. Бұған дейін оның орнына Қазақстан азаматтығын алған ресейлік бизнесмен Тимур Турлов келеді деген пікір айтылды. Тимур Турловтың Қазақстан футбол федерациясының басшысы болуы мүмкін бе?» деп министрден сұрады.
«Әділет Назарбайұлы бүгінгі күні өз еркімен жұмыстан кетіп жатыр. Бір айдан кейін футбол федерациясының конференциясы өтеді және сол кезде президенті тағайындалады. Федерация қоғамдық ұйым болғаннан кейін әр өңірде филиалдары бар. Жауапты адамдары ертең сайлауға қатысады. Біз өз тарапымыздан футболдың әлемдегі №1 спорт болғаннан кейін министрлік тарапынан кандидаттарды қарап, өз ұсыныстарымызды беретін боламыз», – деді ол.
Журналистің «Федерация президенті Тимур Турлов болуы мүмкін бе?» деген сұрағына «Бүгінгі күні кандидат ретінде берілуі мүмкін. Ал сайлау барысында комиссия шешеді» деп министр қысқа-нұсқа жауап берді.