Әлем қалаларындағы Абай. Ақын атындағы көше

1708
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде Абай атымен аталған көшелер тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде де кездеседі. Бұл Абайдың мұрасын, оның ой-өрісін, идеяларын дүние жүзіне танытуға, қазақ мәдениетін жаһандық деңгейде насихаттауға маңызды үлес қосады деп есептеледі.

Қазақстанның барлық ірі қалалары мен елді мекендерінде дерлік Абай Құнанбайұлының атына берілген көшелер, даңғылдар және алаңдар бар. Әсіресе, Алматыдағы Абай даңғылы ең атақты көшелердің бірі саналады. Бұл даңғыл қала орталығын кесіп өтіп, көптеген мәдени және әлеуметтік нысандарды біріктіреді.

Ақынның есімімен аталған көшелер әлемдегі бірқанша қалада кездеседі. Бұл көшелер қазақ халқының ұлы ақынына деген құрметтің белгісі ретінде, Қазақстанның халықаралық аренадағы мәдениетаралық байланыстарын нығайту мақсатында берілген.

Украина астанасы Киевте Абай атындағы көше 1988 жылдан бері бар. Бірақ 2021 жылы бұл көшеге қайта назар аударылып, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. 2021 жылғы іс-шара Абайдың 175 жылдығына және Қазақстан мен Украина арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға орай ұйымдастырылған. Бұл іс-шара көшенің атауын жаңадан беру емес, бұрыннан бар көшеге қатысты мерекелік іс-шараларды қамтыды.

Киевтегі Абай Құнанбайұлы көшесі Подольский ауданының тарихи аймағында орналасқан. Бұл көше украин қоғамында қазақтың мәдениетін, оның ішінде Абай мұрасын тереңірек түсінуге, қос халықтың достығын нығайтуға ықпал ететін маңызды мәдени орындардың бірі болып саналады. Сондай-ақ, ақын атындағы көше Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.

Көршілес Өзбекстанның Ташкент қаласындағы көшеге Абай есімін 1990 жылдардың соңында берген. Ол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тығыз мәдени байланыстың белгісі ретінде ерекшеленеді. Дәл сол жылы, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы Үрімжі қаласында да бір көшенің аты Абай атына берілді.

Ал Қырғызстанда 1995 жылы Бішкек қаласында ақын атындағы көше ресми түрде ашылып, екі ел арасындағы достықтың символына айналды.

Мысыр астанасы Каирде де Абай көшесі бар. Бұл көше Абай атына 1998 жылы берілген. Сол кезден бері екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында елордада мысырлық жазушы Тахи Хусейннің есіміне көше аты берілді.

Каирде Абай атындағы көше ғана емес, қазақтың бас ақының ескерткіші қойылған. Қазақстанның Мысырдағы елшілігің мәліметінше, 2016 жылы Абай бюстін мысырлық меценаттар салған. Авторы - Мысырдағы танымал мүсінші Усама әл-Серуи.

Өткен ғасырдың соңында, дәлірек айтқанда, 2000 жылдың ақпанында Қазақстанның Германиядағы елшісі Ерік Асанбаев пен Берлин қаласының аудандық әкімшілігі бірлесіп, ҚР елшілігі маңындағы бір көшені Абай Құнанбаевтың атына берді. Немістер атайтын "Абайштрассе" Берлиндегі әдемі көшелердің бірі саналады.

Ресейде Абай Құнанбайұлы есімі берілген бірнеше көше бар. Олардың ішінде ең белгілісі – Мәскеу қаласындағы Абай көшесі. Бұл көше 2006 жылы Қазақстан Республикасының елшілігі жанында орналасқан Чистые пруды бульварында Абай ескерткішінің ашылуымен бірге пайда болды. Ескерткіш Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты нығайту мақсатында орнатылған. Мүсін қоладан жасалған және оның авторлары ретінде қазақ мүсіншісі - Марат Айнеков пен сәулетші Вячеслав Романенко аталады.​

Мәскеуден басқа, Ресейдің кейбір аймақтарында да Абай атындағы көшелер бар. Мысалы, Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысы мен Омбы, Ор қалаларында ақын аты берілген көшелер кездеседі.

Иранның Тегеран қаласында Абай көшесі 2010 жылы ашылған. Ол Аббас Абад ауданында орналасқан, бұл аудан Тегеран қаласының модернизациясы мен жоспарлы дамуының бір бөлігі ретінде құрылды. Абай көшесі Тегеранда қазақ мәдениетіне деген құрметті білдіретін маңызды көше болып саналады.

Әзірбайжан астанасы Бакуде 2011 жылдан бері Абай Құнанбаев көшесі бар. Осы көшеге ақын аты берілген кезде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бұл қадам "біздің достығымыздың, біздің халықтарымыздың тарихи тұлғаларына деген көзқарасымыздың белгісі" екенін атап өткен.

Көшеде Абайдың суреті бейнеленген тақтайша бар. Онда "Қазақтың халық ақыны Абай Құнанбаев" деп жазылған.

Қазақстан-Түркия достығын нығайту мақсатында Абай көшесі Анкара қаласында 2014 жылы ашылған. Сонымен қатар, 2020 жылы Ыстамбұл даңғылдарының біріне қазақтың ұлы ағартушысы Абай есімі берілді.

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында да Абай көшесі бар. Оның ұзындығы 2250 метр. Көше  қаланың орталығында орналасқан, Фирдауси және Сино аудандарың бойында жатыр. Көше шығыстан басталып, батыстан аяқталады.

Тәжік тілінде көше атауы "Кӯчаи-е Абай" деп жазылады. Желідегі мәліметтерге сүйенсек, Душанбе қаласында осы Абай көшесінің бойында көпке белгілі "Султони Кабир базары" бар.

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында да Абай Құнанбайұлына арналған көше бар. Бұл көше Моңғолиядағы қазақ қауымдастығының қолдауымен ашылған. Көше қазіргі уақытта қазақ халқының ұлы ақыны мен ойшылы Абайдың құрметіне аталған мәдени нысан ретінде қызмет етеді.

Үндістанда да Абайға арналған көше бер.  Нью-Делидегі аудандардың бірінен ақынның атындағы көшені оңай табуға болады. Көше "Абай Мардж" деп аталады. "Мардж" сөзі санскрит тілінде жол немесе көше дегенді білдіреді.


Көше Нью-Делидегі президент резиденциясының маңында орналасқан. Көшеге Абай аты берілген рәсімге 14 жылдан аса уақыт бұрын Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

Пікірлер