Шоқының атауы жергілікті дауға себеп болды

1299
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының оңтүстік-батыс жағында орналасқан, биіктігі 240 метр шоқының тарихына, атауына қатысты бұрмаланған ақиқаттың ақ-қарасы жан-жақты ашылып, анықталса да шындықты қолдамайтын топ «таудың атауы Табын Бөкенбайға байланысты» деп әділдіктің орнауына бөгесін болып, түрлі құйтырқы амалдарға барып  отыр. Бұл жөнінде бұрында да бірнеше сын мақала, зерттеу жазғанбыз.

Даудың өршуі былай болды: Шекті Бөгенбайдың ұрпақтары әр жылдары түсірілген карталарды, ел ішінде сақталған ауызша мәліметтерді, орыс офицері Я.П. Гавердовский жазып қалдырған деректерді негізге алып, 2016 жылы қыркүйек айында әлгінде аталған шоқының етегіне тас белгі орнатқан-ды. Соның құжаттарын жасап, заңдастыру Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына міндеттеледі. Бірақ осы мекеменің басшысы А. Юнисова «бөкенбайшыл» топтың ығына жығылып, айдан анық ақиқатты сөзбұйдаға салып, ескерткіштің құжатын рәсімдеуді әлі созып келеді...

Бұл мәселеге қайта оралып отырмыз. Себебі, атауы қалайда Табын Бөкенбайдың есіміне байланысты болып шығуы керек деген А. Юнисованың қолдауымен мемлекет есебінен арнайы бөлінген қаржымен шағын төбеге қатысты дерек іздеп, сонау Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларын аралап, табан тоздырған, іздемпаз тарихшы Г. Избасарованың назарына өз дәлел-уәжімізді, сұрақ-сауалымызды арнайы ұсынғанды жөн көрдік.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисованың ұйымдастыруымен 2024 жылы 19 қыркүйекте Алматы қаласында өткізілген жиында қабылданған қарарда түзілген «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау, және сараптау туралы ғылыми кеңес хаттамасында» Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Избасарованың да сөзі келтіріліпті, былай депті ол: «2023-2024 жылдары Ресей федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы әскери, тарихи архив қорларындағы материалдармен зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Соңғы жылдары Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында орналасқан Бөкенбай шоқысы туралы әртүрлі мәліметтер жарыққа шығуда. Бұрын Бөкенбай Қарабатырұлы атымен аталған деп есептеліп келген бұл шоқы Шекті руынан шыққан Бөгенбай Жапалақұлы атына байланысты қойылған деген пікірлер айтылуда. Бұл мәселеде түкпілікті шешім айту қиын.  ...қосымша әрі қарай зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп есептеймін».

Г. Избасарованың айдан анық ақиқатқа «түкпілікті шешім айта алмай» бек қиналып отырғаны – біздіңше бекер. Адам түсінбейтіндей шытырман ештеңесі жоқ. Оған бәрі –  ұғынықты. Бірақ сөзінің сыңайынан шындықты қаламайтыны аңдалады.

Осы тұста мынаны да ескерте кетейік, 2024 жылы 19 қыркүйекте Алматы қаласында өткізілген жиында толтырылған, біз айғаққа тартып отырған жаңағы «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау, және сараптау туралы ғылыми кеңес хаттамасы» – негізсіз. Өйткені, мұнда тек «бөкенбайшылдардың» тарихты бұрмалаған теріс сөздері берілген, өздерінің әдепсіз өтіріктеріне қайшы келетін қарсы жақтың дәлелді пікірлері енгізілмеген һәм қыларыңды қылып ал дегендей А. Юнисова лауазымының мүмкіндігін асыра пайдаланған, өзі басқарып отырған мекеменің мөрін басып, өзі, оның жақтас екі адамы қолдарын қойып, куәландырған. Қысқасы, «шоқыға қазба жұмысын жүргізу керек» деп өздері шешім шығарып, өздері бекіткен. Міне, «әділдіктің» түрі!

Хош, Избасароваға айтпағымызға көшейік.

1803 жылы Я.П. Гавердовский Әлім тархан Қаракөбек бидің баяндауындағы шоқы атауының кімге тиесілі екенін «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деп аталатын еңбегінде тайға таңба басқандай, ап-анық қып жазып кеткен, былай делінген онда: «При воззрении на Буканбаевы горы и на маяк Буканбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такового их наименования. «В старину, – говорили они, – когда калмыки, притесня орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имел главное кочевье в горах, носящих теперь его имя, где природа соединила все выгоды, потребные для жизни. Чтобы вернее спасти свое убежище от неприятелей, он располагал всегда свой в долине, окруженной отовсюду возвышенными местами, по коим паслись табуны под наблюдением расставленных на вершине гор караулов. Для предупреждения нечаянных нападений, на возвышеннейшей пред всеми прочими и неприступной каменной горе, с коей все около лежащее местоположение было открыто, выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрывающимся в долине обо всех движениях неприятеля.  Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной».

Әсіре «бөкенбайшыл» топтың «Табын Бөкенбай әскер жинап, қарауыл төбе қылған, таудың «Бөкенбай» аталуы содан» деп танбастан өзеуреп, «дәлел» қылып жүргендері – осындағы «Для предупреждения нечаянных нападений, на возвышеннейшей пред всеми прочими и неприступной каменной горе, с коей все около лежащее местоположение было открыто, выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрывающимся в долине обо всех движениях неприятеля» деген сөйлемдер.

Бірақ «бөкенбайшыл» топ ұятты ысырып тастап, өздерінің берекесіз өтіріктеріне қайшы келетін «Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной» деп таңбаланған мәліметтен айналып өтеді.

Айдан анық осы ақиқатты оқып отырып, көзі шындыққа толық жетсе де тарихшы Избасарова да «түкпілікті шешім айту қиын» деп бұлтақтайды.

Сөзімізді әрі қарай жалғастырайық. Халық жырында:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Бөкенбай сынды батырым,

Алты мүшел толтырып,

Қалың да жәуміт ішінде,

Қапыда қаза болған-ды», – делінген (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 43-44 беттер).

Ресей империясы Сыртқы істер министрлігі архивіндегі дерек те Табын Бөкенбайдың барымтаға барғанда түрікпендердің сойылмен төпелеген соққысының астында қалып, жан тапсырғанын куәландырып, былай деп бекітіп тұр:« ...мая 28 - числа 1742 года  Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...» (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53).

Жәуміттердің қолынан ажал құшқан Табын Бөкенбайдың мүрдесі қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы өзінің қонысында жатыр. Бұл жөнінде профессор З. Байдосов мынадай мәлімет берген: «Байғанин ауданының тұрғындары жасы тоқсанға келген Оразбай Шанин, сексеннің үстіндегі Айнақұл Қожанов, Молдағали Өзбекбаев, Мақсат Досжанов сияқты ақсақалдардың айтуынша, Бөкенбай батыр Жарқамыстың батыс беткейінен 7-8 шақырым жердегі Бөкенбай төбесінде  жерленген...» (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 361-бет).

Мұны мына деректер де растайды, бүй делінген: «... «Табын Бөкенбай батыр» қоғамдық кеңесі мен қорының ұйымдастыруымен Байғанин ауданындағы Жарқамыс аулынан 12-13 шақырымдай қашық жатқан төбедегі көне қорымға Бөкенбай батырдың жерленгені жөнінде ескерткіш-белгі орнатылды... Белгі тасты қою рәсіміне Байғанин ауданының әкімі Бердіхан Кемешов, тарихшы Зәкіратдин Байдосов, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Мәлік Жекеев, облыстық қазыналық департаментінің директоры Асқар Дәулетияров, қордың директоры Ізімғали Көбенов бастаған Ақтөбелік ғалымдар, интеллигенция өкілдері, облысымыздың барлық аудандарынан, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Орынбор облысынан келген қонақтар және Жарқамыс аулының тұрындары қатысты» (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 413-414 беттер).

Міне, баршамыз куә боп отырмыз, Табын Бөкенбайдың моласының Ырғызда емес, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясында екеніне.

Исмурзин дейтін ұқпаса да тап Г. Избасарова түсінбейтіндей соншалықты күрделі, шытырман оқиға емес, бәрі де ап-анық баяндалған.

Ғалым һәм педагог Г. Избасарованың Аллаға аян ақиқаттың әділдігін айта алмай, «түпкілікті шешім айту қиын, әлі де зерттеу керек» деп солқылдақтық танытып, күмілжуінің сырын кейін білдік.

Әсіре «бөкенбайшылдардың» құрастыруымен 2011 жылы «Баһадүр батыр Бөкенбай» аталатын кітап жарық көрген. Іші – шылғи өтірікке, өрескел бұрмалаушылыққа толы. Осы «еңбекті» жарыққа шығарар кезде жұмыс істеген шығармашылық топтың құрамында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, «XVIII ғасырдағы қазақ-башқұрт ара қатынастарының саяси және этникалық үрдістер» (?) (2008) деп аталатын монографияның авторы, 18-ғасырдың білгір зерттеуші маманы делінетін Г. Избасарова да жүрген екен...

Еске сала кетейік, Я.П. Гавердовскийдің 1803-1804 жылдардағы сапарын баяндаған «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деп аталатын еңбегіндегі 1710 жылы Қарақұмда өткен қоңсылас қазақ рулары өткізген шағын бас қосуда сөйлеген «Буканбай», кейін  қалмақтармен қақтығыста қаза тауып, Шектілердің мекеніндегі шоқыға жерленетін «Буканбай» – бір адам. Есімі орысша бұрмаланып түзілген – Бөгенбай! Руы – Шекті.

Тархан Қаракөбек бидің айтуымен Я.П. Гавердовский қағазға түзіп алған Қаракесек жиынындағы «Буканбайдың» (Бөгенбай) сөзін де әсіре «бөкенбайшылдар» Табын Бөкенбайға жапсырып әлек.

Енді Қарақұм оқиғасына да тоқталып, оны да Избасарованың назарына ұсынайық, бүй деп баяндалған: «В 1710 г. некоторые старейшины и начальники семейств из числа тех родов, которые располагались в песках Каракумах, собрались для совету, дабы употребить все усилия к единодушной защите друг друга до последней капли крови...  Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают, что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей. Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!» (Қараңыз: Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского». Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).

Гавердовскийдің жол-сапар күнделігінде «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп таңбаланған осы сөз де Табын Бөкенбайға телініп жүр. Мұның да еш дәлелі жоқ. Куәлік берейік.

Деректерде Табын Бөкенбайдың 1667 жылы туып, 75 жасында бақи болғаны айтылады (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе қаласы, С.Т. Жанәділов баспаханасы, 343-бет).

Осыны негізге алып, есептегенде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынында «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтылған сөздің иесі – қырық үштегі Табын Бөкенбай деу мүлде қисынсыз! Керісінше, алпыстың төңірегіндегі Шекті Бөгенбай батырға тән.

1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек (Әлім-Шөмен) жиынында елді рухтандырып, бірлікке шақырғанда «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтқан сөзінен Бөгенбайдың жасы сол кезде 60-тың шамасында деп топшылаймыз. Шектілердің, оның ішінде Тілеу мен Қабақтың арасында сақталып жеткен деректе «қалмақтармен болған шайқасқа батырдың баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан» делінеді. Сонда ұлының жасы 40-тың төңірегінде, немересінің де ат жалын тартып, азамат болған кезі, 20-ның ояқ, бұяғында. Шайқас 1717 жылдар шамасында өтіп, Бөгенбай алпыстың орта маңынан өте қаза тапқан сияқты. Нақты дерек болмағандықтан әрі не бері сәл-сәл ғана ауытқуымыз мүмкін, бірақ шамамыз – дұрыс.

Көп созбақтамай сөзімізді осы тұстан қайырып, қорытындысына көшейік. 18-ғасырдың білгір зерттеуші маманы Г. Избасароваға мынадай сұрақтар қоймақпыз:

а) «Бөкенбайшыл» топ Я. Гавердовскийдің еңбегіндегі «Для предупреждения нечаянных нападений, на возвышеннейшей пред всеми прочими и неприступной каменной горе, с коей все около лежащее местоположение было открыто, выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрывающимся в долине обо всех движениях неприятеля» деп баяндалған сөзді Табын Бөкенбайдың Шектілердің мекеніндегі шоқыны қарауыл төбе қылып пайдаланғанына куәлік етіп тартады да осыған жалғас «Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной» деген деректерден неге айналып өтеді? (Олардың ішінде Избасарованың өзі де бар).

ә) Тархан Қаракөбек бидің Гавердовскийге берген «...старшина Буканбай с подвластными ему аулами имел главное кочевье в горах» деген мәліметі аталған төңіректің Шекті Жапалақұлы Бөгенбайдың атақонысы екенін дәлелдеп тұр, бұған нендей уәждерін айтар екен?

б) Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының оңтүстік-батысындағы Шектілердің ежелден бергі өз мекеніндегі шоқыда қалмақтармен шайқаста өліп жерленген «Буканбайдың» (Бөгенбайдың) есімі берілген таудың атауын ажалы жәуміттерден келіп, мүрдесі төрт жүз шақырымдай шалғайда жатқан Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясындағы Табын Бөкенбайға тиесілі деуге бұлтартпас дәлел, қисын қайсы? (Қараңыз: 2001 жылы жарық көрген Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі картасында «Бөгенбай тауы» деп түсірілген)

в) Табын Бөкенбайдың сүйегі Байғанин ауданы территориясында екені күллі Табын руына, ұрпақтарына, тіпті облыс жұртына белгілі, олай болса, мемлекеттен миллиондаған қаржы сұрап, қалмақтармен шайқаста өліп, «Буканбай» (Бөгенбай) жерленген тарихы бөлек шоқыны текке қопарып қазуға, бүлдіруге нендей қажеттілік туып отыр?

г) 1710 жылы Қарақұмда қоңсылас қазақ рулары өткізген шағын Қаракесек жиынында «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтылған сөздің иесі – қылшылдаған қырық үш жастағы Табын Бөкенбай екеніне қандай айғақ бар?

Тарихты шынайы танып шығуға жастарды тәрбиеліп жүрген қадірлі ұстаз, профессор Г. Избасарова біз келтірген деректер бойынша шоқы атауы мен Қарақұм жиынына қатысты түкпілікті һәм нақты да әділ шешімін бұлтаққа салмай бәлкім, енді айтатын шығар.

 

                                                                                                                 Бөрібай Кәртен

Ақтөбе облысы

 

PS: Авторлардың жазғаны редакция көзқарасын білдірмейді. "Адырна" өзара қарсы тараптың уәжін жариялауға да әзір.

 

 

 

 

Пікірлер