Қорғаныс министрлігіне тиесілі делінген тікұшақ апатқа ұшырады

1157
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Ақтөбе облысында қорғаныс министрлігіне тиесілі тікұшақ құлап, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.

Одан бөлек, екі адам зардап шекті.

«Мартөк ауданының Хлебодаровка ауылы маңында тікұшақ құлады», – делінген агенттік ақпаратында.

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасында қалаға екі науқас жеткізілетіні де айтылған.

«Аэродромда екі жедел жәрдем бригадасы күтіп тұр. Реаниматологтар, травматологтар және комбустиологтардан құралған шұғыл бригада МОБ қабылдау бөлмесінде күтіп отыр», – деп қосты облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Апатқа қатысты төтенше жағдайлар министрлігі де ақпарат берді. Деректе әуе кемесінің «қатты қонуы» туралы хабарлаған.

«Бүгін, 9 қараша күні 11:40-та «112» қызметіне Мәртөк ауданының Сарыжар ауылы маңында тікұшақтың «қатты қонуы» туралы хабар түсті. Әуе кемесі, алдын ала мәлімет бойынша, ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары: бес техника және 23 адам жіберілді. Оқиға орнына жеткен ТЖМ құтқарушылары өртті сөндірді. МИ-8 үлгісіндегі тікұшақ бортында үш адам болған. Соның бірі қаза тапты. Екі зардап шеккен азамат Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ВИСВО ЯК-40 ұшағымен жеткізілді. Оқиға туралы ақпарат нақтылануда», – деп хабарлады ТЖМ.

Өткен жылы Талдықорғандағы әскери аэробазада жауынгерлік ұшақты дайындау кезінде әскери қызметші қаза тапқан болатын.

Пікірлер