Павлодарда екі ер адам оқушы қызды соққыға жыққан

182
Adyrna.kz Telegram

Павлодарда көлік жүргізушісі мен оның жолаушысы көлік сигналына жауап бермей, жолды босатпай қойған мектеп оқушысын ұрып-соқты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жәбірленген қызды бірнеше сағаттан кейін ауруханаға жеткізген. Павлодар қаласының білім бөлімінің хабарлауынша, оқиға кезінде мектеп оқушысымен бірге тағы бір қыз болған. Мұғалімдердің айтуынша, кәмелетке толмағандар көшеде жүріп бара жатқанда көлік сигналына жауап бермеген және көлікті өткізбеген. Жүргізуші мен жолаушы көліктен түсіп, қыздардың бірін итеріп жіберген. Алайда жәбірленушінің туыстарының айтуынша, бұнымен іс тоқтамаған.

"Қыздар жеке секторда кетіп бара жатқанда арттарынан көлік келген. Ол сигнал бере бастағанда, біреуі жол жиегіне шықса, ал екіншісі басқа көлік болғандықтан, жол бере алмаған. Сол уақытта көлік ішіндегілер оларға ауыр сөздер айтып, наркоман, жезөкше деп атаған. Немерем қорқып кетіп, оларға ортаңғы саусағын көрсеткен. Олар қызымды қайтадан балағаттап, «саусақты кімге көрсеттің?» деп айқайлаған. Жас жігіт оның иығынан ұстап, итеріп жіберіп, оны аяқ-қолынан бірнеше рет тепкен», – деді жәбірленуші қыздың әжесі Лариса Зимарева.

Павлодарлықтың айтуынша, сол күні кешке оның 13 жасар немересін жедел жәрдем жоғары қан қысымымен алып кеткен.

"Бұл оған ересек екі ер адам соққы жасағаннан бірнеше сағат өткен соң болды. Физикалық тұрғыдан жасөспірімнің жағдайы қалыпты. Дегенмен, оның психоэмоционалдық жағдайы мамандардың көмегін қажет етеді. Қыз қатты қорқып, шок алған," – дейді Павлодар облысының балалар құқығы жөніндегі уәкілі Сауле Шакенова.

Шәкеневаның айтуынша, кәмелетке толмаған қызды ұру оқиғасын полицейлер тергеуде.

«Кәмелетке толмаған жасөспірімнің денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталып, ұсталды және полиция бөліміне жеткізілді. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», – деп хабарлады Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі.

Пікірлер