Almaty puppet festival: сахналық диалог

847
Adyrna.kz Telegram

Алатаудың баурайы, Алматының төрінде ұлттық мерекеміз Республика күніне орай ұйымдастырылған «Almaty Puppet Festival» Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өз мәресіне жетті.

Қазанның 21-24 күндері аралығында алматылық кішкентай бүлдіршіндер заманауи қуыршақ театрларының үздік қойылымдарын тамашалады. Бұл ретте, осынау өнер байқауына ұйытқы болып отырған, тарихын 1935 жылдан бастау алатын Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрын ерекше атап өтуге болады. Ол – республикадағы тұңғыш қуыршақ театры. 90 жылға жуық тарихы бар өнер ордасы жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушылығына сай қойылымдар сахналап, жаңаша тың жобаларды іске асырып келеді. Репертуарлық аясы кең. Онда 60-қа жуық отандық және әлемдік әйгілі туындылар негізінде сахналанған қойылымдар қазақ және орыс тілдерінде көрермен назарына ұсынылуда.

Театр ұжымы Канада, Қытай, Түркия, Чехия, Жапония, Болгария, Молдова, Ресей, Гүржістан, Татарстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріндегі халықаралық қуыршақ театр фестивальдерінде топ жарып, жүлделі үздік орындарға ие болуда.

2024 жылы Алматы қаласы әкімдігі тарапынан Алматы қаласы Мәслихатының шешімімен Қуыршақ театрына «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Өнер ошағы ұйымдастырған фестивальдің мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театрдың көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру еді.

Екінші рет ұйымдастырылған биылғы өнер додасына Қытай, Польша, Болгария, Чехия, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан және Қазақстан Республикаларының 15 үздік театр ұжымы мен 150-ден аса қуыршақ шеберлері өнер көрсетті. Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталмыш саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды.

Нәтижесінде фестиваль халықаралық мәдени байланысты нығайтып, әсем қаламыз Алматының мәдени тұрғыдан оң имиджінің қалыптасуына ықпалын тигізгені хақ. Өнер мерекесінің соңғы күнінде үздік ұжымдарды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өткізіліп, қаржылай сыйлықтар табысталып, мәдени шараның тарихында жарқын із қалдырды. 

Фестивальдің ең негізгі жүлдесі – «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Гран-при сыйлығы Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрына табысталды. Аталған өнер ордасы бұл жүлдеге режиссер Антон Зайцев сахналаған «Жомарт ағаш» спектаклімен лайықты деп танылды. Аталмыш қойылым көрермендер мен қазылар алқасына өзінің терең мағынасы және астарлы ойымен, артистерінің шеберлігімен, режиссерлік ұтымды шешімдермен өзгешеленді.

«Үздік режиссер» номинациясы бойынша жүлдені Гүржістаннан келген Боржоми Мемлекеттік кәсіби қуыршақ театры «Гудули ата мен кішкентай Уча» спектаклімен иеленді. Қойылымға жетекшілік еткен режиссер Дмитрий Хвтисиашвили ерекше режиссерлік көзқарасымен, ал артистер қуыршақтарды жоғары деңгейде жан бітіре көрсетуімен таңдандырды. 

«Үздік актерлік ансамбль» номинациясына Ресейдің «Скарабей» көлеңкелі балалар театры «Қызғылт гүл» спектаклімен лайық деп танылды. Режиссер Сергей Черепанов біртұтас ансамбль құрып, ерекше шеберлігімен көрермендерді тәнті етті.   

Түркия Республикасының Анкара қаласынан келген «Темпо» театры түрік қуыршақ өнерінің дәстүрлері мен шеберлігін айшықтаған режиссер Халюк Юдженің «Өзімшіл алыптың бағында» қойылымы үшін «Шеберлігі пен адалдығы үшін» номинациясына ие болды.

«Үздік қуыршақ жүргізуші» номинациясын Гонконг қаласынан келген (ҚХР) «Sky Bird» қуыршақ бірлестігі иеленді. Режиссер, актер, қуыршақ жүргізу шебері Чун Фей Ченгтің жетекшілігімен сахналанған «Қытай дәстүрі» спектаклі көрермендерді ерекшелігімен таңдандырып, шығармашылық шабыт сыйлады. Чун Фей Ченг өз қойылымында қуыршақтармен шебер жұмыс жасап, қытай мәдениетінің бай және алуан түрлі қырларын ұтымды көрсетті.

Ал, «Жаңашыл көзқарас» номинациясын «Алты сезім» эксперименталды қойылымын ұсынған Башқұрт Мемлекеттік қуыршақ театры еншіледі. Бұл қойылым Надежда Беззубова мен Александр Верхоземскийдің режиссерлік бірлесуімен қалыптасып, қуыршақ өнеріндегі жаңашыл әрі креативті шешімдерімен қазылар алқасының назарын аударды. 

Фестивальдің көркемдік деңгейі мен ерекшелігі, жалпы Қуыршақ театрының даму бағыты турасында мамандар былайша тіл қатты. 

Еркін Жуасбек, театртанушы, профессор, қазылар алқасының төрағасы, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры:

«Алматы қаласындағы күздің әдемі күндерінің бірінде көрермен үшін, оның ішінде бала көрермен үшін үлкен мереке болды. Алматы қуыршақ фестивалі әлемнен, елімізден 15 спектакль шақырып үлкен өнер бәйгесін ұйымдастыруда. Шын мәнінде бүгінгі қуыршақ театры көрермен үшін қайда баруға да әзір, көрермен үшін қандай жерде жұмыс істеуге де әзір. Бүгінгі таңда қуыршақ театры бір-бірімен көрісіп, бір-бірімен білісіп, қазіргі таңдағы сахна өнерінің жаңа бағыттарын, жаңа әдіс-тәсілдерін ортаға салып, өнер мерекесін жасауда. Күні кеше барлық ел болып жүрегіміздегі, санамыздағы  Республика деген үлкен ұлттық мерекемізді қарсы алдық. Барлық сала, барлық қазақ руханияты өткен жыл, жалпы қазіргі тәуелсіздік кезеңінде не жасадық, қандай деңгейге жеттік деген үлкен бір шабыттың үстінде жүр десек жасырын емес. Өнер адамдары үшін де бұл үлкен меже. Өнер – ізденуден тұрады, өнер – қашан да бір-бірінен тәжірибе алмасудан тұрады. Өнер – жаңашыл, өнер – жаңалыққа құмар. Сондықтан қуыршақ театры өнері қазіргі таңда тек балаға ғана емес, жалпы өнердің ішіндегі өзінің орнын анықтап алған, адам санасының тәрбиесіне үлкен әсер ететін сала ретінде дәлелденді. Соның бір айғағы, жердің қай түкпірінен алсаңыз да бұл өнерді өзіндік ұлтына сай, халқына сай, қойылатын алдағы талабына сай даму үстінде екенін осы өнер бәйгесі көрсетіп жатыр. 

Қазіргі таңда жалпы адамзат желіге таңылған кезде, әсіресе, ұялы телефонға таңылған шақта баланың ойыннан гөрі кішкентайынан ұялы телефонның экранына жабысып отыруы үлкен тұлға болып қалыптасудағы күрделі мәселе болып тұр. Балаға тән үлкен азамат болу үшін ең бірінші қасиет, бұл – қиялының кеңдігі, ойлай білетін, жүрегі жанашырлыққа құмар, елін, Отанын, ата-анасын сүю мәселесі қазіргі таңда дабыл қақапасақ та адам ойланатындай жағдайға ауысу үстінде. Соның барлығына театр қорғаншы сияқты. Бала кезден қол ұшын беріп, айналаны түсіну, табиғатты сезіну, болып жатқан іске белгілі баға беру мәселесінде театр тәрбиесінің орны бөлек деп есептеймін. 

Фестиваль барысында көрген спектакльдердің қай-қайсысы да адам ойына келмейтін тәсілдердің, сахналық үлкен әдістердің арқасында келген көрерменді бей-жай қалдырмай болып жатқан оқиғаға жүрегімен, жанымен, тәнімен араласатындай деңгейде әдемі, көз жауын алатындай жақсы спектакльдер көрсетуі – бүгінгі таңдағы өнердің миссиясын, сахна өнерінің үлкен мақсатының көрінісі деп айтсақ болады. Мінекей, осы жағынан келгенде Алматы қаласының әкімдігінің былтырғы жылы бірінші фестивалін өткізіп, биыл 100-ге жуық ұсыныс түсіп, қатыссақ деген ниет білдірген театрлардың ішінен іріктеу жасап осындай жақсы спектакльдер таңдап көрсетуі қазіргі қазақ кеңістігіндегі өнердің, мәдениеттің қалыптасуындағы, алға ілгерілудің, дамудың бірден-бір көрінісі. Қазір Қазақстанда фестиваль қозғалысы, театрлардың бір-бірімен кездесе отырып тәжірибе алмасуы үлкен пайдасын беруде. Басқасын айтпаған кезде қазіргі таңда көрерменнің театрға келуі, театрдағы жиі кездесетін аншлагтар – сахна өнерінің мазмұны мен маңызының асқақтап тұрғанын, оның қажеттілігінің артып тұрғанының айғағы болса керек. Сол үшін де мұндай фестивальдер өнер үшін де, ел үшін де, көрермен үшін де қажет екенін даусыз дәлелдеуде. Мен осындай фестивальдің жалғасының болғанын қалар едім. Өнерде жүргеннен кейін шын ниетімізбен үйрену, тәжірибе жинау, білім деңгейіміздің әлі де болса әлемдік талаптарға сай болуына деген ұмтылысын қолдайтын адаммын. Осы жағынан өте қуаныштымын».

Меруерт Жақсылықова, театртанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы:

«Бұл мәдени шараның ерекшеліктеріне тоқталуды жөн көріп отырмын. Фестиваль Алматы қаласында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы фестивальге қатысушылардың географиясы кең. Мұндай көрсеткіш фестивальдің қанатын кеңге жайып, мәдени байланыстардың күшейгенін байқатып отыр. Сонымен қатар, фестивальдегі негізгі мақсат – біздің қуыршақ театрларымыз, қуыршақ ұжымдарымыз қай бағытта қалай дамып жатыр және немен, кіммен дамып жатыр деген сұрақтың төңірегінде жауаптар іздедік. Өнер көрсеткен ұжымдардың арасындағы ең үздік театрлық үлгілерді, театрлық тенденцияларды, қуыршақтардың жасалу шеберлігі, сахнада қуыршақтарды жүргізудегі асқан шеберліктерді үйренуге өте қажетті деп есептейміз. Сондықтан бұл фестиваль аса маңызға ие. 11 мемлекеттен келген әр ұжым өзінің үздік қойылымдарын әкелгені сөзсіз. Жүздеген қойылымның арасынан үздік шыққан 14 қойылым алматылық көрерменнің назарына ұсынылды. 

Фестиваль – бағыт-бағдарды іздеуде, тануда өте үлкен бағдаршам іспетті оқиға. Сондықтан да, бұл фестивальде біз үздіктерді көрумен қатар, шеберлік сағаттарына қатыстық. Олардан аларымыз да, үйренеріміз де көп болды. Қазақстандық қуыршақ театрлары үшін мол  тәжірибенің ортасы болғанына сенімдімін. Себебі, әрбір шеберлік сағатының артында үлкен тәжірибе тұрады. Театрлық тәжірибе бір-бірінен үйрену арқылы келеді. Евгений Ибрагимов, Николаз Сабашвили сияқты айтулы қуыршақ шеберлері мен режиссерлерден оқып, тану зор тәжірибе көзі болды.

Фестивальден ең басты үйренеріміз – жаңа формалар. Соңғы жылдары қуыршақ театрларында көрерменмен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеу, яғни терминмен айтқанда интерактивті қойылымдар қарқынды дамуда. Қуыршақ театрлары соңғы жылдары инклюзивті (естуі нашар, көруі нашар, болмаса мүлде көрмейтін, мүлде естімейтін) көрерменге құшағын кең жайып отыр. Зағип адамдарға қуыршақ театрының өнері арқылы берері өте көп. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі жандармен қоян-қолтық жұмыс жасауда Қуыршақ театрларының да дамитын тұстары әлі бар. Мұндай театрлар біздің елде кеңінен дамуы керек. Әлеуметтік жағынан қорғауы аз болып жатқан біздің зағип жандармен Қуыршақ театрларының жұмыс жасай алатынын біз басқа театр ұжымдарынан, шетелдік театр ұжымдарынан байқап жүрміз. Аталмыш тенденция біртіндеп біздің елімізге де келсе деген жылы лебіздеріміз бар. Мемлекеттік қуыршақ театры да осы тенденцияны өздеріне сіңіретіні сөзсіз. 

Жалпы, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры ғасырға жуық тарихы бар көнеден келе жатқан театрларымыздың бірі. Қазіргі таңда репертуары өзін сыйлайтын, «мен» дейтін театрлардан кем емес. Соның ішінде біздің «Ромео мен Джульетта», «Макбет», «Медея» сынды спектакльдеріміз әлемді ауызына қаратып отыр десек артық айтқанымыз емес. Соңғы жылдары театр ұжымы үлкендерге арналған спектакльдерді жүзеге асыруда көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Әрине, балалар қойылымдары назардан еш қалған емес. Осы жерде істейтін Антон Зайцев, Еркебұлан Қабдыл сияқты режиссерлеріміз театрдың дамуына көп үлесін қосып отыр. Өз кезегінде режиссер Дина Жұмабаеваның көптеген қойылымдары әлемдік деңгейде қуыршақ театрларының сахнасын өзіне бағындырғаны белгілі. Сондықтан да, осындай озық ойлы, көрерменді өзіне тарта білетін біздің Мемлекеттік қуыршақ театрымыз соңғы уақытта әлемдік тенденциялардан, әлемдік театр үрдісінен артта қалып келе жатқан жоқ. Өз басым шығармашылық ұжымға көп жетістіктер тілеймін, олардың бағындырары әлі алда, берер жемістері де алда.  90 жылдық торқалы тойдың қарсаңында театр жаңа тыныспен жаңа мүмкіндіктерін ашады деп сенемін».

Фестивальден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер күтілмек. 

Алмат Абдрахманов, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры:

«Тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алатын республикамыздың тұңғыш қуыршақ театрының бүгінде өзіндік жеке өнер мерекесін өткізіп, ізімізді басып келе жатқан театр ұжымдарына үлгі боларлықтай зор тәжірибемізбен бөлісуді жөн деп білеміз. Халықаралық, республикалық театр додаларында талай белесті бағындырып жүрген ұжымның қала тұрғындары мен қонақтарына, қуыршақ театры өнерін сүйер жандарға ұсынар сыйы деп санауға болады. 

Әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар әр көрерменге эстетикалық ләззат, рухани азық сыйлағаны анық».  


Гүлім Көпбайқызы,

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры баспасөз қызметінің жетекшісі

 

   

Пікірлер