Ұранхаев сағаттың ауысуынан ыңғайсыздықты сезбейді

435
Adyrna.kz Telegram

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты Орталық коммуникациялар алаңында есеп берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Журналистердің бірі әкімге «Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты өзіңіз басқаратын облыста сағат кешкі 5-6 қараңғы болып қалады. Бұл жағдайға мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін және мектепте екінші ауысымда оқитын оқушылар қиналып жатқанын айтады. Осы мәселе оңынан шешілу үшін өңірде бір тосын жағдай болу керек пе? Бір оқушыға қастандық жасалғаны секілді проблема болу керек пе деген сұрақ туады...» деп сұрақ қойды.

Облыс әкімі уақыт белдеуінің ауысуына жауапты орган Сауда министрлігі екенін ескертті.

«Соларға жүгініп, солардан сұрау керек. Қазір мен сізге жауап бере алмаймын. Ол бір. Екіншіден, бір жыл ең кем дегенде күту керек. Шешім қабылданды, оны біз әр үш ай сайын ауыстырмаймыз ғой. Бір жылдан кейін бәрі түсінікті болады. Сол кезде дұрыс па, жоқ па дегенді көреміз. Ең кем дегенде бір жыл күту керек», – деді ол.

Журналистің «Өзіңізге осы уақыт белдеуі ыңғайлы ма?» деген сұрағына «Егер мен өзімнің жеке басымды айтсам ешқандай ыңғайсыздықты сезбеймін» деп қысқа жауап берді.

Пікірлер