Бүгін Молдовада президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Сайлау науқанының финалына қазіргі мемлекет басшысы Майя Санду мен 2021 жылы Сандудың өзі қызметінен даулы түрде шеттетілген елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло шықты.
Екі апта бұрын өткен бірінші турда сайлау фавориті саналған Санду 42,5% дауыс жинады. Молдавиялықтардың 26%-ға жуығы оның қарсыласына дауыс берді.
Бірінші турдағы осындай нәтижелерге қарамастан, бақылаушылар Майя Сандуды шешуші дауыс берудің фавориті деп атаудан сақтануда. Себебі оның электоратты кеңейту мүмкіндігі өте аз, ал антирейтингі керісінше шамамен 50%-ды құрайды.
Молдова – парламенттік республика, және ресми түрде президенттің символикалық өкілеттіктері ғана бар. Алайда Сандуға келгенде бұл ереже жұмыс істемейді. 2021 жылғы сайлауда оның «Әрекет және ынтымақ» партиясы парламентте абсолютті көпшілікке ие болды, сондықтан ол іс жүзінде Дорин Речан үкіметінің жұмысын қадағалайды. Сонымен қатар, қазіргі науқанды көптеген бақылаушылар келесі жылы өтетін аса маңызды парламенттік сайлауға дайындық ретінде қарастырып отыр.
Президент сайлауының бірінші турында шамамен 1,5 миллион сайлаушы қатысқан. Соңғы аптада Молдова құқық қорғау органдары бүкіл ел бойынша сайлаушыларды сатып алу схемаларына байланысты жүздеген тінту жүргізді. Алайда, молдавиялық биліктің айтуынша, бұл фактордың әсерін толығымен жою мүмкін болмаған.
Молдовада екі мыңға жуық сайлау учаскесі таңғы сағат жетіде ашылып, кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. Шетелде тағы 234 учаске ашылды. Олар дауыс беру нәтижесіне әсер етуі мүмкін маңызды факторлардың бірі болмақ.
Президенттік сайлаудың бірінші турында шетелдегі молдовандардың 70%-дан астамы Майя Сандуға дауыс берген. Осы сайлаушылар санатының қосымша мобилизациясы оның қайта сайлану мүмкіндігін айтарлықтай арттыруы мүмкін.
Молдовада экзитпол өткізілмейді. Екінші турдың нәтижелері туралы ақпарат дауыстар саналған соң, сайлаудан кейінгі түнде жариялана бастайды.