Тасқын құрбаны артып барады. Испандықтар билікті айыптайды

1171
Adyrna.kz Telegram
Фото: ВВС
Фото: ВВС

Испаниялықтар сейсенбі күні болған Валенсия провинциясындағы күшті су тасқынына жауаптыларды іздей бастады. Баспасөз және әлеуметтік желі қолданушылары құтқарушыларды тым кеш ескерту жасады, билік мұндай апатқа дайын болмай шықты дейді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Испанияның шығысындағы қатты нөсер мен одан кейінгі су тасқыны салдарынан қаза тапқандар 158-ден асты. ВВС арнасы осы туралы мақаласында апат төркінін анықтауға тырысқан.

Азаматтық қорғаныс қызметі сейсенбі күні кешке көптеген елді мекендерді су басқан кезде ғана қауіп туралы ескерту жасаған.

«Бұл трагедияның ауқымы халыққа тым кеш хабарланды ма деген сұрақ тудырады. Азаматтық қорғаныс қызметі қалаларды су басқан кезде ғана ескерту жіберді» - деп жазады Испанияның El Mundo газеті.

Газет жүздеген адамның сейсенбіден сәрсенбіге қараған түнін өндірістік аймақтарда немесе жол бойындағы көліктерде өткізгенін атап өтті. Өйткені кешке қарай су тасқыны салдарынан жолдар жабылған.

«Мэр ретінде маған ешкім Магре өзені арнасынан асып кетуі мүмкін деп ескерткен жоқ. Ол қаланы суға толтырып, кір мен қоқыспен жауып тастады», - деп шағымданды Алкульдия қаласының мэрі Андреу Салом.

Екінші жағынан, Аликанте университетінің климатологы Хорхе Ольсинаның айтуынша, Испанияның метеорологиялық қызметі адамдарға өз өмірлеріне қауіп төндірмеу үшін үйде қалу керектігін нақты ескерткен.

«Бірақ адамдар «қызыл» ескерту алса да, өмірлерін қалыпты күйде өткізгісі келеді», - деді Ольсина Cadena Ser радиосының эфирінде.

Кейбір азаматтар Валенсия провинциясының билігін құтқару қызметіне ақша үнемдеді деп айыптайды.

Провинцияның басшысы, консерватор Карлос Масон UVE - төтенше жағдай қызметін жою туралы шешімін қайтадан ақтауға мәжбүр болды.

UVE-ны соңғы сайлауға дейін провинцияда билікте болған солшыл саясаткерлер құрған. Өткен жылғы сайлауда жеңіске жеткен Карлос Масон бұл жаңа мекемені бірден жауып, пайдасынан шығыны көп деген.

Енді бұл шешімді Масонның және оның консервативті Халық партиясының қарсыластары қайта сынға алып жатыр.

Валенсия провинциясының билігі UVE шын мәнінде ойдан шығарылған ұйым екенін айтып,  «өрт сөндірушілері - нөл, материалдық қамтамасыз ету - нөл, тиімділік - нөл» деп жауап берді.

Көпшілік Карлос Масонды сейсенбі күні кешкі алтыдан бастап жауын-шашын азаяды деп уәде бергені үшін де айыптауда. Азаюдың орнына кешкі уақытта ағын су қалалар мен ауылдарды басып, көліктерді ағызып, жолдарды шайып кетті.

Масон бұған жауап ретінде дүйсенбіден бастап құтқару қызметтері жоғары дайындық режимінде болғанын және апаттың төтенше сипатына байланысты адамдарға нақты нұсқау беру өте қиын екенін айтты.

«Сарапшылардың айтуынша мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған», - деген провинция басшысы.

Климаттың өзгеруіне қарсы белсенділер Испаниядағы су тасқынының жаһандық жылынуды тоқтату үшін жылдам әрі батыл әрекет ету қажеттігін еске салатынын айтуда.

«Климаттың өзгеруі абстрактілі ұғым емес, бұл – біздің  өмірімізге әсер ететін шындық. Бұл жағдай өмірге қауіп төндіреді», - деді Greenpeace ұйымының Испаниядағы филиалының басшысы Эва Салданья.

Аликанте университетінің ғалымы және Испаниядағы климаттың өзгеруіне қатысты жақында шыққан баяндаманың тең авторы Хорхе Ольсина Валенсиядағы күшті жаңбыр мен су тасқынының дәл осы сияқты көріністердің бірі екенін атап өтті.

Климатологтардың пікірінше, қазіргі су тасқынынына көптеген факторлардың жиынтығы себеп болып отыр. Алайда жаһандық жылыну нәтижесінде атмосфераның біртіндеп жылынуы мұндай табиғи апаттардың болу ықтималдығын арттырады.

Пікірлер