Канело мен Әлімханұлы: Қазақстандық әлем чемпионының мәлімдемесі

172
Adyrna.kz Telegram
luxfm.kz
luxfm.kz

Қазақстандық бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мексикалық Сауль Канело Альвареске (62-2-2, 39 КО) қарсы жекпе-жек туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

IBF және WBO титулдарының иегері мексикалық чемпионның онымен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасудан бас тартқанын айтты.

«Канеломен жекпе-жек өткізгім келетінін бәрі біледі, бірақ ол менімен жұдырықтасқысы келмейді, мұны бәрі біледі», - деді Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, боксшылар әр түрлі салмақ дәрежесінде: Әлімханұлы орта салмақта (72,5 килограмға дейін), ал Канело екінші орта салмақта (76,2 килограмға дейін) өнер көрсетеді. Бұған дейін жанкүйерлер боксшыларға бетпе-бет кездесу өткізуді ұсынды. Олардың кейбіреулері Канело жекпе-жектің фавориті деп санайды.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабын 2016 жылы бастап,  11-ші жекпе-жегінде орта салмақта (72,5 килограмға дейін) WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 2023 жылдың қазан айында Әлімханұлы техникалық нокаутпен неміс Винченцо Гуальтиериді жеңіп, IBF белбеуін иеленді. Михайловичке қарсы жекпе-жекте Әлімханұлы бірінші рет атағын қорғап, 16 жекпе-жекте 16-шы жеңісіне қол жеткізді.

Сауль Канело Альварес кәсіпқой рингке алғаш рет 2005 жылы шыққан. Содан бері мексикалық әртүрлі салмақ санаттарында бірнеше рет титулдарды жеңіп алып, супер орта салмақта (76,2 келі) абсолютті әлем чемпионы атанды. Ол қазақстандықтарға 2017-2022 жылдар аралығында «трилогия» өткізген әйгілі Геннадий Головкиннің бәсекелесі ретінде танымал. Бірінші жекпе-жегінде боксшылар тең түссе, екінші және үшінші кездесуде мексикалық жеңіске жетті. 15 қыркүйекке қараған түні соңғы жекпе-жегінде Сауль Альварес америкалық Эдгар Берланганы төрешілердің шешімімен жеңіп, WBC, WBA және WBO титулдарын сақтап қалды.

Пікірлер