Дәрілік заттардың айналымын цифрландыру: қатаң есепке алу және үнемдеу

977
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру қорын цифрландыруды аяқтау, ал келесі жылы денсаулық сақтау саласында бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу жоспарланған. Бұл барлық медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасуды орнатуға мүмкіндік береді.

Ақмола облысында денсаулық сақтау саласы цифрландыру рельстеріне берік орнықты. Технология арқылы дәріхана пункттерінде дәрі-дәрмек айналымын бақылауға болады. Мысалы, Көкшетаудағы Vita дәріханалар желісінде дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі табысты жұмыс істейді және препараттардың өндірілген немесе елге әкелінген сәттен бастап қала тұрғындарына сатылғанға дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Дәріхана меңгерушісі Светлана Гараждың айтуынша, жүйені енгізу үшін жаңа жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға тура келді. Фармацевтер жаңа жүйеге тез еніп кетті. Енді олар жалған дәрі-дәрмектер дәріхана сөрелерінде пайда болмайтынына сенімді.

Дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі Ақмола көпсалалы облыстық ауруханасында да жұмыс істейді. МОБ директоры Нұрлан Жаровтың айтуынша, ол стационарға түсетін дәрілік заттардың қатаң есебін жүргізуге көмектеседі. Бұдан басқа, медициналық ұйымның барлық 28 бөлімшесінде дәрі-дәрмек ерітінді түрінде болса, препараттардың қозғалысын бір таблеткаға немесе миллиграммға дейін бақылауға мүмкіндік беретін Госпитальдық фармация бөлімінің жобасы енгізілді.

«Дәрігердің тағайындауы бойынша дәрілік препараттар әр пациентке стерильді таңбаланған бокстарға салынып, пациенттің аты-жөні, қабылдау уақыты көрсетіледі. Қателер алынып тасталады: әр пациент емдеуші дәрігер тағайындаған препаратпен және белгілі бір дозада ем алады. Нәтижесінде пациенттер сапалы ем алса, ал медициналық мекеме уақыт үнемдейді», – деп түсіндірді Нұрлан Жаров.

Пікірлер