Алматыда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы діни бірлестіктердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

109
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қазақстандықтар үшін дәстүрлі мереке  ретінде саналатын «Рухани келісім күніне» орай Алматыда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы діни бірлестіктердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға түрлі діни конфессиялардың көшбасшылары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері, шетелдік сарапшылар мен дағдарыс орталықтарының өкілдері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Алғаш болып сөз тізгіні Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлына берілді. Өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы діни бірлестік ретінде қандай шаралар қолданып жатқанын баяндады:

- Ислам саласы бойынша айтар болсақ, алдыңғы жұма намазы кезінде Қазақстанның барлық мешіттерінде кісі ақысы туралы уағыз айтылды. Нақтырақ айтсақ адамдардың ақысына кірмеу, зорлық-зомбылық жасамау, түрлі қысым көрсетпеу жөнінде Қазақстанның 3000 - ға жуық мешіттерінде уағыз айтылды. Күні кеше Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қоғамдағы қатігездіктен туған жағдайларға байланысты үндеуін жариялады. Бұл үндеуде жалпы Ислам дінінің адамдарға қатігездік жасау, оның ішінде балалар мен отбасына қатігездік көрсетудің дұрыс еместігі Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерін негізге алып  жеткізілді.  Осы сәтті пайдалана отырып, күшімізді біріктіріп Қазақстандағы түрлі зұлымдықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын, ақпараттық істерін жүргізуге шақырамын.

Діни бірлестіктер халық арасында рухани құндылықтарды насихаттап, отбасы шаңырағы шайқалмауына және зорлық-зомбылықтың зардаптарын түсіндіру арқылы қоғамға зор үлес қоса алады. Алайда бұл мәселені шешуде тек діни ұйымдар емес, мемлекеттік органдар, құқық қорғау ұйымдары және азаматтық қоғамның барлық мүшелері белсенді қатысуы тиіс.

Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін әйелдер мен балалар статистикасы өршіп тұр. Өткен жылы ер адамдардың қолынан 69 әйел мен 7 бала көз жұмған. Биыл қоғамда жаңғырық тудырған Қуандық Бишімбаевтың ісі төрт жылдан бері қызу талқыға түскен тұрмыстық  зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасының қабылдануына негіз болды. Бүгінгі дөңгелек үстел спикерлері ел ішінде "Салтанат заңы" аталып кеткен осы бір заңға қолдау  білдіріп, қайғылы оқиғалардың статистикасына елеулі ықпал ететініне сенім білдірді.

Алматы қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін кризистік орталықтың директоры Зульфия Байсақова балалардың да өте маңызды әлеуметтік топ ретінде ерекше мән берілу керектігін айтып, статистика бойынша Қазақстандағы әрбір алтыншы бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болатынын айтты. Салдарынан балаларда кекештік, психосоматикалық аурулар пайда болатынын ескертті.
- Бізде, жалпы алғанда, балалар мен адам құқықтарының бұзылғанын шешуге бағытталған заңдар бар, олар да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған. Сондықтан біз көріп отырғанымыздай, инфрақұрылым да бар, заңнамалық база да бар. Бірақ неге Қазақстандағы әрбір отбасында белгілі бір дәрежеде зорлық-зомбылық орын алады? Неге біз тек әлеуметтік желілерде ғана емес, өмірде де, көрші отбасында, туыстардың шаңырағында да қорқынышты оқиғалардың куәсі болып отырмыз? Бұл, бәлкім, мәдениеттің жетіспеушілігінен. Сондықтан, біз ең алдымен әріптестерімізге, достарымызға, туыстарымызға Қазақстанда зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны тоқтату әбден мүмкін  екенін айтуымыз керек. Тек заңдар мен құрылымдар ғана емес, өмірлерді өзгертуге деген ниет те қажет. Бұл мәселеде үнсіз қалуға болмайды.

Сондай-ақ, Испаниядан келген профессорлар Сантьяго Де Ласала Порта мен Николас Замбоана, үндістандық профессор Кришна Котра, американдық LYN Community үкіметтік емес ұйымының президенті УЭЙД КЬЮСАК мырза және MFNN өкілі Майка Фрииз мырза дөңгелек үстелдің қонақтары болды.

Дінтанушы маман Әл-Фараби Болатжаннан тілшіміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы діни бірлестіктер тарапынан қандай іс-шаралар қолданылатынын сұрады:
- Діни бірлестіктердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құралдарын айтуға болады. Ол мына уағыз-насихатты айтуға болады. Өз жамағатына түсіндірме жұмыстарын жүргізу, трейнинг,семинар өткізе алады. Діни бірлестік те қоғамдық бірлестік секілді қолында заңды күш жоқ, мәжбүрлей алатын. Бұл жерде мемлекет қана қандай да бір факт тіркелсе жаза қолдана алады. Ал діни бірлестіктерде мысалы мынадай практика бар: отбасы құрғысы келетін жастар алдын ала келеді, оларға неке қиылғанға дейін семинарлар өткізіледі. Отбасы деген не? Қандай қиыншылықтар болады? Қандай кризистер болады? дегендей сұрақтарға жауап тауып, отбасылық өмірге дайындық жасайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның күрделі мәселелерінің бірі ретінде көптеген елдерде өзекті мәселе болып тұр. Қазақстанда да бұл мәселеге ерекше назар аударылады. Соңғы жылдары мемлекеттік органдар, құқық қорғау ұйымдары  бұл мәселені шешуде түрлі шараларды қолға алып келеді. Осындай шаралардың бірі — діни бірлестіктердің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны тоқтату процесіне қатысуы.

Шара аяқталғаннан кейін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов дөңгелек үстел нәтижелері жайлы пікірін білдірді:

- Бүгінгі шараға барлық Алматы қаласының діни ұйымдарының басшыларын жинаған болатынбыз. Осы бүгінгі дөңгелек үстелде отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар мен әйелдерге қалай көмек көрсетуге, қолдауға болатынын талқыладық. Оны біз зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңға сәйкес қарастырдық. Енді мен осы шараның нәтижесінде барлық қарастырылған мәселелер Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына діни ұйым басшылары арқылы өзінің діни ғимараттарында талқыланып, жетеді деп сенемін. Негізгі мақсатымыз қоғамдағы жасөспірімдер мен азаматтар жасына, ұлтына, дініне қарамай отбасындағы сүйіспеншілікке шақыруға бағытталған.

Дөңгелек үстелде тақырыпты түрлі ракурстан талқылағаннан кейін рухани мереке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде, Рухани келісім күніне арналған мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Пікірлер