Жітіқарадағы трагедия. Қостанай облысының әкімі мәлімдеме жасады

1256
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқарадағы өрттен бес бала қаза тапқан қайғылы оқиға туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Наша Газетаға сілтеп.

Облыс басшысы Рудный қаласының тұрғындарымен кездесуінде өртенген балалардың өліміне қатысты пікір білдірді.

"Енді комиссия тексереді. Біз қазір осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуы тиіс болған қызметтер өз міндетін атқарды ма, жоқ па, тексеріп жатырмыз. Біріншіден, есепте тұрған отбасыларды газ анализаторларымен жабдықтауымыз керек. 2019 жылы ол үйге газ анализаторы орнатылған. Ол жұмыс істеп тұрған", – деді әкім Ақсақалов.

Әкім тамыз айында ғана осы үйді тексерген екен.

"Бірақ, баланың айтуынша, бірдеңе өртеніп кеткен. Барлық мән-жайды комиссия анықтап жатыр. Өкінішке қарай, осындай қайғылы оқиға орын алды. Кешірім сұраймыз", – деді облыс әкімі.

5 баласынан бірдей айырылған анасына әлеуметтік көмек беріледі.

"Бүгін немесе ертең барлық қажетті құрал-жабдықтары бар тұрғын үй сатып алынады, бір-екі күнде жасаймыз", – дейді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі зардап шеккен отбасы бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде есепте тұрғанын да атап өтті.

"Өкінішке қарай, балалардың әкесі түрмеде, анасы қаладағы дүкендердің бірінде жұмыс істеген", – деді Ақсақалов.

Еске сала кетейік, Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан үй шатыры опырылып түсіп, бес бала қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.

Пікірлер