«Газпром» Ресейдегі ең табысты 100 компанияның қатарына да кірмей қалды

845
Adyrna.kz Telegram
Фото: spb-tr.gazprom.ru
Фото: spb-tr.gazprom.ru

Еуропалық нарықты жоғалтқаннан кейін «Газпром» Ресейдегі ең табысты компания болуды тоқтатты және Forbes рейтингінің алғашқы 100-іне де кірмеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

2023 жылы «Газпромның» шығыны шамамен 600 миллиард рубльді құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш болды. 

Forbes журналы  26 қыркүйек күні таза пайда бойынша Ресейдің ірі компанияларының жылдық рейтингін жариялады. Бұрынғы тізімді «Газпром» концерні бастап тұрса, қазір ол жүздікке де кірмейді.

«Газпром» былтыр 583 миллиард рубль шығынмен жабылды», деп жазады Forbes.

Компания табысының төмендеуінің басты себебі - «Газпромға» максималды пайда әкелген ЕО нарығын жоғалту.

«Коммерсант» хабарлауынша, 2023 жылы Еуропаға құбыр арқылы газ жеткізу бір жыл бұрынғы 62 миллиард текше метрмен салыстырғанда 24 миллиард текше метрге дейін азайған. Ішкі есеп бойынша, ресейлік газ алыбы таяу жылдары соғысқа дейінгі сату көлемін қалпына келтіре алмайды.

Ең табысты ресейлік компаниялар рейтингінің жаңа көшбасшысы 2023 жылдың соңында 1,529 триллион рубль таза пайда алған «Роснефть» болды. Үздік 100 рейтинг қатысушыларының жалпы табысы – 13,2 триллион рубльден асты.

Пікірлер