Еліміздегі ең ұзын көпір болмақ - Берік Уәли

952
Adyrna.kz Telegram
Фото: Берік Уәлидің парақшасынан
Фото: Берік Уәлидің парақшасынан
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында су қоймаларының жайын қозғады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Осыдан тура 5 жыл бұрын, 19 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне твиттер арқылы Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта көпір құрылысы аяқталуға жақын. Екі бірдей облыстың, 6 ауданның арасын жалғайтын стратегиялық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұл көпір жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш, сүйіншілейтін үлкен жаңалық болайын деп тұр. Өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының Марқакөл, Күршім, Катонқарағай және Көкпекті аудандарының тұрғындары 50 жыл бойы жол азабын тартты. Жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүрді. Талай адамның суға кеткені де жасырын емес. Сондықтан бұл көпірді салудың маңызы жоғары еді.
Бұл – еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайды. Тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізе алады. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 18 қыркүйекте «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» деген тақырыппен журналист Азамат Қасымның мақаласы жарияланған болатын. Осы мақала көпірдің салынуына арқау болған еді", делінген жазбада.
Пікірлер