Тәуелсіз толқын. "Оқығым келген дүниені таппаған соң, өзім жазғанды жөн көрдім"

2100
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Мағынасы терең, жай оқылғанымен тұңғық ойға батыратын «Аққұйын» кітабының қысқа әңгімелерін көбіміздің көзіміз шалған болар. Қазақ әдебиетіне қысқа әңгімелерімен көрік берген жас жазушы Жалғас Қазыбек өзінің шығармашылығы жайлы «Адырна» тілшісіне баяндап берді.

«Аққұйын» – қысқа әңгімелерден тұратын кітап. Көпшілікке мәлім болғандай небәрі 4-5 сөйлемге, тіпті 1 сөйлемге ойланарлық, актуалды тақырыптарды жазып, біріктірген автор – Жалғас Қазыбек.

«ӨЗІМ АЙТАМ ӨЗ ЖАЙЫМДА»

- Жалғас мырза, әуелі өзіңіз жайлы айтсаңыз. Қай өңірдің тумасысыз? Бала кезіңізде кім болғыңыз келді? Ақындыққа, жазушылыққа ебіңіз сол кезден бар ма еді? Қазір қайда оқып жатсыз?

- Қарапайым Жалғас дейтін ұлдарыңызбын. Кешегі Қасым өткен, Сәкендер тасып өткен, Сарыарқа әуезіне ел жұртты ғашық еткен Тәттімбеттердің өлкесі Қарағандыдан, Жарық атты мекеннен боламын. Бала күнімде Мұхтар Шаханов атамды көп оқығаннан болар, ақын болуды армандап өстім. Сол арманның жетегімен осы күні де жалтармай жүріп келемін. Қазір қазақ тілі мен әдебиетінен тәлім беретін ұстаздық мамандығында SDU университетінде оқып жатырмын.

- Енді “Аққұйын” жайлы сөз етсек. Қысқа әңгімелер жазу қай кезден басталды? Идея қайдан туды?

- Тура 1 жыл бұрын бастау алған дүние бүгін басты ойыма айналды. Идея мұқтаждықтан туды. Өзім оқығым келген дүниені әлем-желі мен кітапхана сөрелерінен іздеп, бірақ таппаған соң, өзім жазғанды жөн көрдім.

- Кітаптың атауын неге "Аққұйын" деп қойдыңыз?

- Кітаптың атауын қоярда көп ойландым. Тұңғышыма есім таңдағандай тұла бойым толқып, көңілім аласұрып, әжептәуір қиынға соққан еді. Кейін кітаптың неден туғанына назар салдым. Өзімнен, өз жүрегімдегі алай-дүлей сезімдердің борандатқан әсерінен туған әңгімелерді солай сипаттағанды жөн көрдім. Ал қазақта бой бермей, ышқына соққан дауылды желді “Аққұйын” деп атайды…

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЕЛБЕТІ

- Қысқа әңгімелер негізінен қандай тақырыптарға арналған? Оқырмандардың алғашқы қабылдауы, реакциясы қандай болды?

- ⁠Негізінен өмір шындықтары мен қоғам көріністеріне арналған. Ұлттық көзқарас пен адами құндылық та шетте қалмайды. Оқырман қауымның алғашқы қабылдауы әлі есімде. Пікір алаңында жарыса талқылап, ұнатып жатқандары қалай естен кетсін?!

- Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің көрінісіне қалай баға берер едіңіз? Кітапқа қызығатын жастар бар ма?

- ⁠Қазіргі әдебиет – ояу, тірі. Ақын, жазушы, сыншы да табылады. Тек ұлағатты сүйетін елдің ұлы мен қызының жүрегіңдегі шамын жағатын, көкейіне ғажап әсер ұсына алатын көркем әдебиеттің жетіспей тұрғаны… Замана сұранысы бөлек қой. Соны ескеру керек секілді.  Ал замандастарыма келсек, кітап оқушылар көп. Шүкір. Әзілі сасыған сырахананы емес, азығы тасыған кітапхананы жағалайтын белгілі бір буын бар. Осы отты өшіріп алмау керек. Литвак “Ақылы жоқ адаммен араласқанша, жақсы кітап оқыған мың артық,”- дейді. Осы буын ақылды қоғамды қалыптастыратынына мен сенемін!

- Қазір “Аққұйын”, “Тармақтар” секілді қысқа жазылған кітаптар көбеюде. Бұрынғы ұзақ классикалық романдар жаңа толқынның әсерінен оқылмай қалмай ма?

- Олай деп ойламаймын. Ұзақ классикалық романдарды “бұрынғы” деп атау да абсурд секілді. Жаңа толқын туса, тулаған теңізден от алып туады. Мұндағы теңіз – классикалық шығармалар.

- Өзіңіз қандай кітаптарды сүйіп оқисыз? ХХІ ғасырдан бері сүйікті ақын-жазушыларыңыз кім?

- Өзім пәлсапаны, ерекше ой иірімдерін сүйемін. Ой үстіне ой сыйлайтын шығармалардың берері мол. Мұхтар Мағауин, Төлен аға, Дулат ағалар, қандай шіркін! Төкпе жазушылар болар. Сөзсіз классиктер. Ақын ағалардан Есенғали Раушановты, Мейірхан Ақдәулетұлын, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жиі парақтаймын. Асылында, аталмағандары қаншама…

«АҚҚҰЙЫН» ЖАЙЛЫ ОЙЛАР

- “Аққұйынға” үлкен жазушылардан, беделді тұлғалардан қандай пікір келуде? Олар қалай қабылдауда?

- Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы сынды заңғар аталарымыз оқып, Бақыт Беделхан, Серік Қалиев ағаларымыз баталарын берген еді. Пікірлері орынды, көңілге қонымды. Мақтап та, баптап та қояды. Қысқасы, ұнатты.

- Хейтерлер бар ма? Көзқарасыңыз қалай? Желіде соңғы кездері кітабыңызды “келеке” еткендер де байқалды. Оларға қандай шара қолдандыңыз?

- ⁠Әрине, бар. Көзқарасым өте жақсы. Көптің талқысы болуы керек. Сонда ғана өсу, алға жылжу болады. Бәрін оқып отырамын. Абайды да түсінбегендер, Мұқаңды да аяқтан шалғандар, Міржақып, Ахметтерді де торға тоғытқандар болды емес пе? Бірақ тарихта олар емес, аталарым қалды. Демек, бұдан шығарар тұжырым да бөлек. Ал келеке еткендерге ешқандай шара қолданбадым. Жаңа жанрды түсінбей жатса керек. Бірақ Құлагердің тағдырын кешпеспін. Керісінше, ойлы оқырманды жаңа жаңалықтармен баурауға асықпын!

- Жақында “Аққұйын - 2” жарыққа шықты. Құттықтаймыз! Алғашқысынан айырмашылығы қандай? Қысқа әңгімелер осылайша жалғасын таба бере ме? Алда қандай жобалар жоспарда?

- ⁠Көп рақмет! Айырмашылығы өзектілігінде болар. Екінші бөлімінде барынша бүгінгі қоғамды суреттеуге тырыстым. Қолымнан келген-келмегенін оқып көріп, бағаласаңыздар болады. Қысқа әңгімелер жалғасын табады, әрине. Алайда қазіргі мақсатым үлкен шығармаларға негізделіп тұр. Ашып айтпай-ақ қояйын. Қызық болсын. Күтіңіздер!

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Дина Литпин,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер