Өзбекстанда мемлекеттік қызметте жүріп, кәсіпкерлік субъектілеріне иелік еткен 3 министрліктің 107 маманы анықталды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, көлік министрлігі, мектепке дейінгі және мектептегі білім министрлігі мен мәдениет министрлігінің басшылық лауазымдағы 107 қызметкері 116 кәсіпкерлік субъектісінің құрылтайшысы болғаны анықталды.
Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Көлік министрлігінде 50 қызметкер 55 компанияның құрылтайшысы болса, Мектепке дейінгі және мектептегі білім министрлігінде 37 маман 39 бизнеске иелік еткен.
Бұған қоса, мәдениет министрлігінің 20 қызметкері 22 компанияның басшысы екені анықталды.
Агенттік аталған министрліктерге тиісті ұсыныс жолдап, мемлекеттік қызметшілерге ескерту жасаған. Қазіргі уақытта заң бұзушылықтарды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда өз қызметін дұрыс атқармаған 18 имам қызметінен шығарылғанын хабарладық.