Осыдан 3-4 жыл бұрын жасанды интеллект термині елімізде кеңінен қолданыла бастады. ChatGPT есіңізде шығар? Халық заманауи технологияның көмегімен біршама мәселесін шешіп жүрді. Бірі жасанды интеллектіге сұрақ қойып, кеңес сұраса, енді бірі тарихи тұлғалардың образдарын құрастырып жатты. Көбіне ғылыми және технологиялық бағытта, әрі пайдалы инструмент ретінде қолданылып келген жасанды интеллект бүгінде шығармашылық бағытта да тұсауын кесті. Бұл сөзімізге дәлел – Sarauen жобасы.
Sarauen – Ең алғашқы Қазақ AI әншісі. Негізін қалаушы – Алтынбек Мұратұлы. Бүгінде автордың «Немере», «Достар», «Алатау», «Қазақ үні», «Туған жер», «Апа», «Сен анасың», «Салтанат» және «Той» атты әндері бар.
«Қазір АҚШ-тың Бостон қаласында тұрамын. Көбіне жасанды интеллект және нанотехнология саласында ғылыми зерттеу жасаймыз. Әкем үнемі өлең жазатын. Сол әкемнің анама, немересіне арнаған өлеңдерін ән ретінде шығарсам деген арманым болған. Жасанды интеллект саласында осы мүмкіндік туды.
Бұның екі мақсаты бар. Біріншісі – жасанды интеллектінің жалпы мүмкіндіктерін өзіміздің қазақтарға және қазақ тілді аудиторияға көрсету. Екіншісі – өзіміздің ақындарымыздың өлеңдерін, қағаз бетіне түскен, алайда айтылмай қалған өлеңдерді жаңадан әуен қылып шығарып, соларды жандандырып, қазақ еліне және әлемге таныстыру», – дейді жоба туралы Алтынбек Мұратұлы.
Оның айтуынша, бұл жоба бір қана батырманың көмегімен жасалған нәрсе емес.
«Мәтіннен әуенге деген технологиялар енді-енді жаңарып келе жатыр. Бұл әлі де жақсарады. Бірнеше әуен жазатын веб-сайттар бар. Бұрын мәтіннен сөзге болса, енді мәтіннен аудиоға деген жолды адамдар дамытып жатыр. Біз бұл жобаны ресми API алып жасадық. Қазір қолданып жатқан негізгі екі-үш жолы бар. Жалпы көпшілік білетін MIT-дағы AI программаларын қолданып жасадық», – дейді ол.
Өлеңнің сөздері жоба авторының әкесі Мұрат Мамиланың өлеңдерінен алынған. Ал әуеннің авторы жасанды интеллект Сарәуен болып тұр. Сарәуен музыкасын өзі жазады және орындайды. Ағылшынша prompt engineering деген термин бар. Бұл – әуеннің мына жерін былай айт, мына жерінде рок (немесе поп) стилінде айт деген нұсқаулық беру. Осы бөлігін автордың өзі жасаған.
Сонымен қатар Алтынбек Мұратұлы жобаның және өзінің алға қойған мақсаттары туралы айтып өтті.
«Алға қойған жоспар көп. Мысалы, Сарәуен – әйел әнші. Енді бізде ер әншіміз бар. Аты – Мирасай. Оның Сарәуенмен бірге айтқан әні бар. Келесі мақсатымыз Сарәуен мен Мирасайдың әндерін шығару. Бұл әндер жасалып қойған. Біраз уақыттан кейін жариялаймыз. Мирасайдың жеке альбомын шығару да ойда бар.
Қазақтың ақындарының өлеңдерін осы әншілеріміз арқылы тұрақты түрде жариялауды жоспарлап отырмыз. Басқа әншілермен де коллаборация жасауға қарсы емеспіз. Өзім ән айтқысы келген жігіттерге бірнеше өлеңге тегін әуен жазып бердім. Жалпы біз қазақтарға жасанды интеллект саласында көмектесу арқылы қазақ AI деген платформа құрып, біршама жұмыстарды бастап жатырмыз. Ендігі жоспар – Сарәуеннің альбомына жасанды интеллект арқылы видео жасау», – дейді ол.
Жобаның аты автордың 10 жастағы қызының құрметіне қойылған. Оның есімі – Сара. Сараның әуені болсын деген ниетпен Сарәуен деп аталған. Ал жігіт әнші Мирасайдың есімі 6 жастағы ұлы Мирастың атымен аталады.
Қазірде жасанды интеллект қазақ тілінде сөйлеуде шорқақтық танытады. Осы орайда автордан жобаны жасауда қандай қиындықтар мен кедергілерге ұшырағанын сұрап білдік.
«Қазір жасанды интеллект қазақша жақсы сөйлемейді. Жасанды интеллект AI model-дер қазақшада жақсы дайындалмаған. Базасы толық емес. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, бұл салада prompt engineering деген бар. Мұнда сіз жасанды интеллектіге сөзбен жақсылап түсіндіресіз. Мынаны былай жаса деп нақты қадам-қадамымен айтасыз. Сол кезде осындай өнімдер өмірге келеді. Бірақ қазақша әріптерді де оған түсіндіріп айту керек. Кейде ол орысша акцентпен айтуы мүмкін. Сол себепті де қазақ тіліндегі өнім екенін негіз ретінде айту маңызды. Осындай қиындықтар кездеседі. Бірақ бұл көп кешікпей шешілетін мәселе деп ойлаймын», – дейді Алтынбек Мұратұлы.
Айта кетейік, бүгінде Сарәуен мен Мирасайдың бірге айтқан «Алаш Елім», «Сезім», «Сауыт» және «Елім» әндері жарық көрді. Сонымен қатар «Сауыт» әні ҚР Арнайы Операциялар Күштерінің ресми Әнұраны болып бекітілді.
Ақмарал Берекет