Абай күні. Ақынның алдағы 180 жылдығынан не күтуге болады?

4166
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Бүгін —  қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Дәл осы күн 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысымен Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында “Абай күні” деп бекітілген болатын. Міне, содан бері 10 тамыз — қазақ халқы үшін айтулы мереке.

Алдағы 2025 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Атаулы дата елеусіз қалмайтыны сөзсіз. Осыған орай абайтанушылардың пікірін сұрап көрдік.

«ЗЕРТТЕУЛЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ»

Белгілі абайтанушы, академик, Абай академиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір Абайдың 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілуі керек деп есептейді.

- 2025 жылы еліміз қазақ әдебиетінің классигі, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын кең көлемде атап өтетіне сенімім мол. Бұл ретте көбінесе ұлы тұлғаларымызды таныту барысында мерейтойлық сипат алып жататынына өкінішімізді де білдіреміз. Абай мұрасын насихаттау белгілі кезеңдер кезінде ғана емес, жүйелі түрде жүргізіліп жатса құба-құп. Әйтсе де арнайы “Абай күніне” орай және мерейтойлық жылдары хәкім мұрасына кеңінен пейіл білдіріп жатса, оны да қуанышпен қабыл аламыз.

Міржақып Дулатов «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірлі халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деп айтқанындай жылдан-жылға хәкімге деген құрметіміз де артып, абайтанудың да көкжиегі кеңейе бермек. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанымен де, ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай береріміз анық. Ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеу, насихаттау бағытындағы жұмыстарға мемлекеттік деңгейде жан-жақты қолдау қажеттігі айқын, - дейді абайтанушы Жандос Әубәкір.

«ӘР ҚАЛАДА АБАЙДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ТҰРУЫ КЕРЕК»

Философ, теолог, абайтанушы Досым Омаров Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану саласында ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болмады, керісінше құлдырау байқалғанын айтқан болатын. Ал алдағы 180 жылдықта ғалым абайтанудан не күтеді?

– Келесі жылы Абайдың туғанына 180 жыл толады. Дегенмен, бұл мерейтой болып есептелмейді. Себебі, мерейтойлар тек 25 жыл сайын аталып өтіледі. Сонда да әр жылы Абайдың туған күні абайтану саласы туралы зерделеп, ойластырып, атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, келешекке жоспар құруымыз қажет. Абайтанудың бүгінгі жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Себебі, Абайға көзқарас әлі өзгерген жоқ. Сол бұрынғы қалпы ескі көзқараспен келе жатыр. Кеңестік дәуірдегі рухани мешелдік әлі де сол күйі жалғасып келе жатыр. Алғашында Абайға жаңа көзқарас туралы Абайдың 150 жылдығында көп айтылған. Ол кезде ел тәуелсіздік алып, жаңа көзқараспен қарай бастаған еді. Дегенмен, кейін сол сарында қалып қойған секілді.

Мен 2008 жылы Абай орталығын ашу туралы идея ұсынғанмын. Министрліктің қолына өзім апарып бергенмін. Содан кейін Алматыда, Астанада кей оқу орындарында Абай орталықтары ашылды. Университеттер ашылды. Бірақ олар әлі күнге дейін өз міндеттерін дұрыс орындамай отыр.

Абайдың туған күні қарсаңында осы мәселелерді қарау керек.  Абайтануды жандандыруымыз керек. Түрлі конкурстар ұйымдастырып, олар туралы жазып, халыққа таратып, Абайдың “толық адам” ілімін халыққа түсіндіру керек. Сол кезде адам өзінің өмірде жеткен деңгейін түсініп, алға ұмтылар еді. Сондай-ақ, әрбір қалада Абайдың ескерткіші тұру керек. Сонда әр қазақ Абайды есіне түсіріп, ілімін ұғынып алар еді.

Біз Абайды дұрыс түсініп, оның мұрасын дұрыс қолданатын  болсақ, өмірдегі көптеген қиыншылықтарды оңай шеше алар едік. Елімізде көптеген мәселе бар. Соны  шешу жолында Абай мұрасы үлкен тірек бола алады. Абай хәкім болғандықтан оның мұрасында бүкіл өмір туралы білімнің бәрі бар.  Дегенмен, оны толық түсінбей жүрміз, - деді Досым Омаров.

АБАЙ МЕРЕЙТОЙЛАРЫ “ГАЛОЧКА” ҮШІН ӨТУДЕ”

Абайтанушы ғалым Асан Омаров Абайдың мерейтойларына, оны насихаттауға да көңілі толмайтынын айтты.

- Абайдың мерейтолары “галочка” үшін өтуде. Абайтану саласы тұралап тұр. 180 жылдығы жаңа серпін әкеледі деп өтірік айта алмаймын. Себебі, Абайға, оның мұрасына деген бұрынғы құрмет жоғалды. Насихаттау жоқтың қасы. Әрине, бұл жақсылыққа апармайды. Абайтану пәні әсіресе, мұғалімдерге оқытылу керек.

Абайдың 175 жылдығы ескі сарында өтті. Әуезов айтқан дегеннен аспай қалдық. Абайдың үш томдық толық жинағы сын көтермейді. Өте әлсіз басылым. Ол туралы сыни мақала да жазғанмын. Мен өзім жаңа үлгідегі толық жинақты әзірлеген едім. Оны елеп, ескерген пенде болмады. Бұл өзім үшін өкпе емес, Абайға қиянат деген ойдамын. Бір сөзбен айтқанда, Абай кеңес дәуірі тұтқынында қалып қойды. Абай жинағында тәуелсіздікдіктің еш белгісі жоқ. Бұдан асқан масқаралық бола ма?!- деді абайтанушы Асан Омаров.

АБАЙДЫ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛДЫРМАЙ, ҚАЗАҚ АДАСУЫН ТОҚТАТПАЙДЫ”

Әріптесінің сөзіне Абай ілімін зерттеуші, профессор  Бауыржан Ердембеков те қосылады.

- Абайдың алдағы 180 жылдық мерейтойынан көп ештеңе күте қоймаймын. Бізде бәрі науқаншылық. Тағы сол Абайдың атын қалаға, көшеге, мектепке беру, ескерткішін ашу, мұқабасын алтындап кітабын шығарумен жалаулатып тойды өткіземіз. Абайды идеологияға айналдырмай қазақ адасуын тоқтатпайды. Қытай Конфуций ілімін өздерінің басты ұстанымы етіп отыр. Әр мемлекеттік қызметкер Конфуций ілімін меңгеруге міндетті. Қытайдың ақшалы кәсіпкерлерінің дені ел ғылымының  дамуына қыруар қаржы құйып отырады. Міне, бұл - конфуцийшылдықтың бір көрінісі. Солардан үлгі алу қажет.

Қазақ қоғамы түпкілікті қазақша сөйлемей, ұлт тілінде ойланбай, Абайды түсіне алмайды. Сол себепті алдымен құрдымға кетіп бара жатқан қазақтың тілін аман сақтап қалу керек. Сонда ғана қазаққа Абай келеді.

Екінші мәселе, Абайды мектепте оқыту дұрыс жолға қойылмаған. Көбіне шаласауат мұғалімнің кесірінен оқушы мектепті бітіргенде Абайды біліп емес, Абайдан жеріп шығады, - деді Бауыржан Ердембеков.

Сондай-ақ, профессор Абай шығармашылығына қызығатын дарынды оқушыларды қолдау қажетін айтады.

- Абайдың 175 жылдық мерейтойы пандемия қарсаңында болды. Әйтпегенде тағы сол шабылып той жасап, шапан киіп қарық боп тарқар едік. Президент Семейге келіп, Абай мен балаларының ескерткішін ашты. Ақшоқы, Жидебайдағы Құнанбайдың кесенесі мен Абайдың музейі жөнделді, оған қыруар ақша кетті. Болғаны сол. Меніңше, жалпы Конфуций институты сияқты Абай институты жеке болуы керек. Министрлік, не университет тарапынан емес, тікелей орталықтан қаржыландырылатын. Сол институттың қажетіне қарай әр өңірде филиалы жұмыс істеу керек. Сонда ғана абайтану саласы ғылыми түрде сапалы дамиды. Ал қазіргі университет ішіндегі орталықтар ұтқан жобаларының арқасында өз күнін өзі зорға көруде. Ғылыми жобамен Абай ілімімен қаруланған ұлттық идеология қалыптастыру мүмкін емес. Біз қандай да бір мерейтойға жоспарлы дайындықпен келмейміз. Бәрі науқаншылық, көз бояушылық. Жыл сайын оқушылар арасында "Дарын" орталығы өткізетін Абай оқуларына қомақты қаржы бөліп, жоғары деңгейде өткізсе, тойға қосылған үлес сол болар еді. Абай мен Шәкәрімнің, Абайдың басқа шәкірттерінің бүкіл шығармаларын жатқа соғып тұрған аса дарынды, ұлтжанды жастардың бас жүлдесі арзанқол планшет болды. Ал президент сол жолы жекпе-жектің жеңімпазын қабылдап жатты. Міне, біздегі ғылым-білімге деген көзқарас. Менің ойымша, Абай оқуларының жеңімпазы көлік мініп, жетекшісіне пәтер беру керек. Сонда ғана шын дарынға деген көзқарас өзгереді.

Ал біз абайтанушы ретінде "Абай қарасөздерінің тезаурусы" тақырыбында ғылыми жоба орындап жатырмыз. Абайтанудағы ақтаңдақ боп жатқан тақырыптардың ішінде "Ақын кітапханасы", "Абайдың әдеби айналасы" деген мәселелерді қаузап жүрміз, - деді абайтанушы Бауыржан Ердембеков.

«АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАН КЕМШІЛІК КӨРЕТІНДЕР БАР»

Ал абайтанушы Жандос Әубәкір Абайдың 175 жылдығында жасалған ауқымды жұмыстарды тізіп берді.

- Әлем де уақыт кезеңі өткен сайын Абайды тану үстінде. Әсіресе, ақынның 175 жылдық мерейтойы кезінде ауқымды жұмыстар жасалды. Мемлекет басшысының «Абай және XХ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» атты бағдарламалық мақалалары жарық көріп, көптеген ізгі бастамалар негізі қаланды.

Оған мектеп оқушысы Ләйлім Шырақ Ерланқызы бастап, мемлекет басшысы қолдап, эстафетаны Димаш Құдайбергенге жолдаған Абай өлеңін оқу челленджін мысалға келтіруге болады. Челлендж халықаралық ауқымға ие болды. Қазақстан аумағынан шығып, кеңге таралған марафонға танымал шығармашылық тұлғалар қатысты

175 жылдық мерейтой аясында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Тұрақты Кеңесінің XXXVII-ші отырысында ТҮРКСОЙ 2020 жылды түркі әлемінде «Абай Құнанбайұлы жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдады.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Сингапурдағы, Болгариядағы, Мысырдағы, Пәкістандағы, Мажарстандағы, Ирандағы, Эфиопиядағы, Италиядағы және т.б. елшіліктер жанынан Абай орталығы ашылды. Бұл үрдіс өз жалғасын табуда.

Жақын және алыс шетелдерде ұлы Абайға арналған ескерткіш, мүсіндер қойылып, «Абай орталықтары» ашылып, ақын есімі көше атауларына берілді.

175 жылдық мерейтойдың қарсаңында, яғни 2019 жылдың 2 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тапсырмасымен «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу  институты құрылды.

Ол құрылғаннан бері ғылыми-танымдық зерттеулер бойынша қазіргі таңға дейін арнайы сериялармен 84 ғылыми-танымдық кітапдайындап, жарыққа шығаруының өзі – мерейтой кезінде ғана емес, үздіксіз жүйелі жұмыстар жасап келе жатқандығының көрінісі. Бұл зерттеу еңбектер абайтануға қосылған сүбелі үлес екендігі хақ.

Яғни, келесі жылы ғылыми-зерттеу жұмыстары өз заңды жалғасын таппақ.

Әйтсе де, абайтануда қордаланып қалған жұмыстар да баршылық. Кейбір азаматтарымыздың атқарылған жұмыстарды сынап, тек кемшілігін көріп жататыны да бар. Біз бар дүниені сынағаннан гөрі, сол сындарды азайту бағытында жұмыс жасағанды жөн көреміз, - деді абайтанушы Жандос Әубәкір.

Айта кетейік, Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігі биылғы Абай күніне орай Абай шығармашылығына арналған 500-ден астам шара ұйымдастырылатынын айтқан еді. Сондай-ақ, облыс орталықтарында мереке Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталып, OpenAir форматында Абай шығармаларын оқу, әдеби кештер мен караоке іс-шаралары ұйымдастырылып, елшіліктерде шаралар өтіп жатыр.

Дана Нұрмұханбет 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер