Жеңілістен кейінгі жеңіліс миссиясы. Боксшы, саған не болды?

5521
Adyrna.kz Telegram

Париж Олимпиадасының алғашқы алты күндігінде ел спортшылары бір алтын мен  екі қола еншілеп, турнир кестесінде 18-орында тұр. Ал алтыннан алқа тағынады деп ел сенген боксшылар алғашқы жекпе-жектен жеңіліс тауып, сенген жұрттың сынына ұшырауда. 

Бүгінгі материалда қоғам белсенділері мен спорт сыншылары Олимпиадаға қатысып жатқан былғары қолғап шеберлері жайлы жазғандарына шолу жасап көрелік. 

СӨНГЕН СЕНІМ

28-шілде күні бокстан Қазақстан командасының капитаны Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде ұтылып қалды. 71 келі салмақта алғашқы жекпе-жегін өткізген Шымбергенов иорданиялық Зеяд Ишаишке жол берді. Одан соң іле-шала ел үміт артқан 92 келіден жоғары салмақта жұдырықтасатын Қамшыбек Қоңқабаев Еуропа чемпионы (2023), биыл әлем чемпионатында қола жүлде алған  испаниялық Аюб Гадфа Дриссиден жеңілді. 

Ал 31 шілдеде Махмұд Сабырхан бірінші айналымда испаниялық Хосе Кильеске есе жіберді. Испандық атлет бірінші раундта 4:1, екінші раундта 5:0, ал үшінші раундта 3:2 есебімен басымдық танытты.

Ал қыздар командасынан 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Валентина Хальзова да алғашқы сында Панамалық Атейна Байлонға есе жіберді. 

Кеше, 1 тамыз күні ел сенген қос боксшы Айбек Оралбай мен Мұхамедсабыр Базарбай жартылай финалға өте алмады. Ширек финалдағы сайыста төрешілердің шешімі бойынша Айбек Оралбай әзірбайжандық боксшыдан, ал Мұхамедсабыр Базарбай грузиндік спортшыдан жеңілді. 

ТӨРЕШІЛЕРГЕ ТӨРЕЛІК ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Төрешілердің шешімін әділетсіз деп бағалаған Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Париж Олимпиадасында 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді.

«Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.

Бұған дейін ҰОК қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде жұмыс істеген кейбір төрешілердің қызметіне күмән келтіретінін мәлімдеп, PBU-ға (Paris boxing Unit) жүгінген еді.

Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін ұйымдастырушылар бұл ескертуге назар аударып, аталған жағдайға қатысты зерттеу жүргізуге уәде берді. Аталған төрешілерге қатысты іс қозғалды. Алайда, ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін.

КІМДЕР ҚАЛДЫ?

Ерлер құрамынан шаршы алаңдағы текетіреске өкінішке қарай, екі боксшымыз ғана бақ сынайды. Олар – 51 келі салмақта бокстасатын Сәкен Бибосынов пен жартылай ауыр салмақта (81 кг) жұдырықтасатын Нұрбек Оралбай. Екеуінің де ширек финалдағы жекпе-жегі бүгін, 2 тамызда өтеді. Сәкен Бибосынов Түркиядан келген Самет Гумусқа, ал Нұрбек Оралбай әзірбайжандық Мурад Аллахвердиевке қарсы шығады. 

Әйелдер құрамынан Назым Қызайбай ширек финалда бразилиялық Каролин Барбосаны айқын басымдықпен ұтты. Енді оның келесі жекпе-жегі колумбиялық Валенсия Виктория Ингрит Лоренамен өтеді.

“НЕ ІСТЕП ЖҮРСІҢДЕР ШҰБЫРЫП БӘРІҢ?..”

Ел сенген спортшылардың алғашқы жекпе-жегіндегі сәтсіздігін желіде көпшілік сынға алуда. Бейжің Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев боксшылармен қоса, бапкерді, жаттықтырушы команданы Сабырханның жеңілісінен кейін сөгіп тастады: 

“Жігіттердің физикасы өте нашар! Екінші раундта демалыстары қиындап, әрең жүр рингте. Ударлары аз. Комбинация ударов тіпті аз. 3 минутта қанша удар жаудыруға болады?! Физикасымен айналысуға арнайы шақыртылған кубалық маман қайда қарап жүр? Целая научная группа қайда? Неге біздің боксерлар демі жетіспей жүр? Үш раунд аяқта тұра алмайды. Не істеп жүрсіңдер шұбырып бәрің? Бірінші бойдан өте алмады деген не сұмдық???

Бір сұрақ:  әрбір боксер лицензия алғаннан Олимпиадаға дейін неше бой өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен жарты жылда 22 бой өткіздім. Бас бапкерге айтатын сөзім жоқ тіпті,” - деп жазды ол. 

Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов (оның басшылығымен боксшыларымыз Сидней Олимпиадасында тарихтағы ең үздік нәтижеге қол жеткізген еді) Сабырханның сенсациялық жеңіліске ұшырауының себептерін сараптап берді.

“Испандық өте жақсы жекпе-жек өткізді. Ол өзінің бойының артықшылығын пайдаланып, жақсы қозғалып, Махмұдқа бірнеше рет күшті соққы берді. Сабырханның жекпе-жекке жоспары болмаған сияқты. Нұрбек Оралбай сияқты сыртқа шығып, қарсыласын кеспек болды. Бірақ Нұрбектің жолы болды, ол техникамен жекпе-жекке шықпағанымен, Кильжес техникалы, ойыншы. Ең сорақысы мен Сабырхандағы шайқастың келбетін көрмедім. Бұрын ол қулықпен қарсыластарын жұлып алатын, алдайтын. Мұнда ол тек өз күшіне сүйенді. Бірақ бұл да жеткіліксіз болды! Үшінші раундта барып шабу керек екені бәріне түсінікті болғанда, ол мұны істей алмады. Мүлде күш болмады,” - деді ол. 

Ал спорт журналисі Леонид Юрьев бүгінгі боксшылардың әрекетіне төмендегідей баға берді:

«Махмұт Сабырхан Олимпиадалық салмаққа 13 айдан сәл астам уақыт бұрын көтерілді. Бұл тіпті қарсы шабуылға шыққан испандықты жеңуге де жетпейді. Неліктен ол 54 келіден ертерек кетпеді? Менің ойымша, бұның жауабы қарапайым: әлем чемпионатындағы сәнді премиумдар үшін. Ал ішкі сезімдері  - салмақ қосу өте оңай деген болар. Ол үлкен қате. Біздің бокста бәрі жақсы ма? Олай болса, Мырзағали Айтжановты тағы жүз жылға ұлттық құрамада қалдырайық. Сосын біз кем дегенде бір Олимпиада қоласын қанағат тұтармыз», - деп жазды Юрьев сәрсенбі күні өзінің Telegram-каналында.

Кешегі Айбек Оралбай мен Мұхамедсабыр Базарбайдың жеңілісіне қалың жұрт төрешілерді кінәлауда. “Әділ баға бермеді”, “енді ешкімнен үміт күтіп керек емес” деп қазақ қоғамының сағы сынды. Ал аттасының жеңілісіне күйінген спорт журналисі Айбек Қабылша бапкер дұрыс бағыт-бағдар бермеді дейді:

“Қазір ғана Айбек Оралбайдың жекпе-жегін жүргізіп шықтым. Өкінішті. Дәл осы жекпе-жектегі жеңілісте Мырзағали Айтжанов кінәлідей көрінді. Айбек бірінші раундта қарсыласты быт-шыт қылып жеңді. Өзінің жеңіске деген құштарлығымен, мінезімен қарсыласын таптап тастады. Болды ғой, осы тактиканы жалғастыра беру керек еді. Арқасынан қағып, “еркексің, жарайсың, алған бетіңнен тайма!” деудің орнына “қорған, абайла, сақ бол” деудің керегі жоқ еді. “Алғашқы раундта төрт төреші сені қолдады, келесісінде де осылай жұдырықтас. Осы бетіңнен таймашы. Осы раундты алсаң, келесі кезеңге өтіп тұрсың ғой” деген қолдау білдіру керек еді. Жас буынның жалынын осылай сөндіреміз ғой” деп күрсінді ол. 

 

Дина Литпин

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер