Көлікте, түзде, пойызда... Ауруханадан тыс жерде босану бала өміріне қауіпті ме?

1520
Adyrna.kz Telegram

Кейбір Еуропа елдерінде аналар үйде босануға арнайы дайындалса, Қазақстанда бұл жағдай кездейсоқтықтпн туындайды. Адамдар перзентханаға жетіп үлгермейді, немесе жолда босанады. Оның кері салдары болуы мүмкін дейді маман дәрігер.

Қазақстанда үйде босану, жолда босанудың арнайы инструкциясы жоқ деуге болады. Көбіне аяқасты келген толғақ, кездейсоқ босану кезінде дүниеге келген балалардың денсаулығы туралы да толық мәлімет жоқ.

АТТЫҢ ЖАЛЫНДА, ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫНДА...

Соңғы уақытта елімізде ауруханадан тыс жерде босану фактілерінің тіркелу жиілігі артқан. 2014 жылы үйде босанған әйелдер саны 80-ге жуықтаса, 2017 жылы бір ғана Атырау облысында 52 ана нәрестесін үйде дүниеге әкелген.

Биыл да бұл көрсеткіш азаймай тұр.  Мәселен, жыл басынан бері Павлодар облысының өзінде үй жағдайында және жедел жәрдем көлігінде туылған 20 сәби анықталған. 

Сонымен қатар, 2021-2024 жылдар аралығында Қазақстанда пойызда 11 сәби дүниеге келген. 

Жақында ғана Алматы облысында медицина қызметкерлері толғағы жеткен әйелді үйінде босандыруға мәжбүр болса, Маңғыстау облысында жүктіліктің 37-аптасындағы әйел жедел жәрдем көлігінде сәбиін дүниеге әкелді. 

ЕУРОПАДА ҮЙДЕ БОСАНУ – ЖАҢА АДАМДЫ ҚАРСЫ АЛУ 

Елімізде баланы ауруханадан тыс жерде өмірге әкелуге заң жүзінде шектеу қойылмаған. 

Әлем елдеріне көз жүгіртер болсақ, Францияда үйде босануға толығымен тыйым салынған. Ал,Ұлыбритания, Австрия, Дания, Нидерланды мемлекеттерінде рұқсат етілген және бұған қалыпты жағдай ретінде қарайды.

Өзге елдермен салыстырғанда Нидерланды да әйелдердің үйде босану жағдайлары жиі тіркеледі. Мәселен, жылына ағылшындардың арасында шамамен 2,7 пайыз адам үй жағдайында босануды таңдаса,  Нидерландыда жылына туылатын 180 мыңға жуық сәбидің 13 пайызы үй жағдайында дүниеге келеді. Тіпті Нидерланды да бұл үйреншікті жағдайға айналғаны соншалықты – жүктіліктің жетінші айындағы әрбір әйелге мемлекет тарапынан босануға қажетті заттары бар қорап беріледі. Голландиялық әйелдер жүктілікке ауруханаға баруды қажет ететін ауру емес, табиғи процесс ретінде қарайды. Олар үйде босану – отбасының  жаңа мүшесін қарсы алудың тиімді жолы деп санағандықтан Еуропа елдерінің арасында ең жоғары көрсеткішке ие. 

ҚАЗАҚСТАНДА КЕЗДЕЙСОҚ БОСАНУ – БАЛАҒА ҚАТЕР

Қазақстандағы жағдай басқаша. Мұнда жүкті аналар денсаулығын ұдайы тексеріп, үйде босануға болады деп ешкім арнайы дәрігерлік қорап бермейді. Әсіресе, алыс ауылдардағы жағдайдың қандай екенін айтудың өзі қиын. Әрі-беріден соң аяғы ауыр әйелдердің уақтылы дәрігерге қаралуы да күман тудырады. 

Дәрігерлердің айтуынша, еліміздегі ауруханадан тыс жерде сәбилердің дүниеге келуіне аналардың босану жайлы, толғақ туралы ақпараттарды білмеуі де түрткі болады. 

 - Жүктілік жайлы қазақ тілінде ақпараттардың аз болуы да бұған себеп болып отыр. Әрбір әйел баласына, болашақ анаға, жүкті әйелдерге алдын-ала ақпарат толық берілсе, яғни, толғақ жақындағанда үйде жүре беру бала мен ана өміріне қауіпті екенін ескертсе, қатер азаяды деп ойлаймын, - дейді, акушер-гинеколог Сымбат Нұрқожақызы. 

Бала өлімі ауруханада дүниеге әкелгенге қарағанда үй жағдайында босану кезінде 3 есе жиі кездеседі. 

 - Үйде қауіп өте көп. Өлім көрсеткіші артады. Мәселен, үйде белсенді толғағы басталған әйелді күйеуі босандырамын деп, сәбиді құлатып алып, бала шетінеп кеткен жағдайларды да естідік. Сол себепті жүкті әйелдерге перзентханаға баруға кеңес беремін, - дейді акушер-гинеколог.

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 




       

Пікірлер