Астанада «Ажар» сауда үйіндегі өрт сөндірілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталя Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
«Өрт 80 шаршы метр аумаққа локализацияланды. Жаңартылған ақпарат бойынша өрт 60 шаршы метр аумақта толығымен сөндірілді», - делінген хабарламада.
Хабарланғандай, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары оқиға орнына жеткен кезде, Байқоңыр ауданындағы екі қабатты «Ажар» сауда үйіндегі үш сауда бутигінде өрт шыққаны анықталды.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Өртті ауыздықтауға Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының 65 адамы мен 14 техникасы жұмылдырылды.
Оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеп жатыр.