Ұлттық кино өнері шалажансар — Данияр Саламат

6859
Adyrna.kz Telegram
Фото: adebiportal.kz
Фото: adebiportal.kz
Режиссер Данияр Саламат әлеуметтік желідегі парақшасында кино мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Данияр Саламат 14 шілде күні Facebook желісіндегі парақшасында киноға байланысты өз ойымен бөлісті.
"Бәріңізге белгілі, айқай жүрген жерде жұмыс жүрмейді, айқайдың жаңғырығының өзі мың құбылып көптің ермегіне айналады. Осындай қалың шудың арасында есіл өнер, онсыз да бауырын жаза алмай келе жатқан - ұлттық кино өнері шалажансар кепке түседі.
Өткен аптада ғана кезекті 2024 жылғы сценарий қоржынынан Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингі өтті. Питчингте 87 киножаба талқыға салынып, Сарапшылар алқасының сүзгісінен 29 фильм жобасы өтіп, іріктеліп шықты. Ішінде мен пақырдың «Күміс қоңырау» атты жобам да бар еді. Ол жобалар енді соңғы инстанция - Ведомство аралық комиссия (ВАК) құзырына жолданылды.
Сонымен «жаужүрек 29 жоба» 5-шілде күні Астанадағы министрлер үйінде ВАК сарапшылары талқысына салынады. Құрамында Мәдениет және ақпарат министрі, әртүрлі (қаржылық, заңдық) ведомство өкілдерімен қоса қос депутаты бар комиссия жобалардың қаржылық, идеологиялық әлеуетін саралайды. Енді қызықты қараңыз, менің Питчингтен - Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Сараптау кеңесінен жеткілікті балл жинап өткен «Күміс қоңырауым» осы ВАК отырысынан өте алмай сүрінеді ғой… Дұрысы, сүріндіреді! «Ту сыртынан шоқпар тиіп, жайрап қапты жүйрігім…»
Не үшін? Не себепті? Неліктен?
«Күміс қоңырау», құрамында Д.Жолжақсынов, Н.Мұқышева, Ә.Бөпежанова т.б. секілді кино, әдебиет, өнер майталмандары бар Сараптама кеңесінен сұрақсыз өткен. Идеологиялық қателігі болса, сол кісілерден қырағы ешкім жоқ, тоқтатар еді. Ал, қаржылық жағына келсек, тарихи фильмге бар жоғы 350 миллион теңге ғана сұралған, артық қаражат көрсетілмеген. Не үшін құлатқан ВАК киножобамды?
Кімнен не сұрарыңды білмей, айнала шарқ ұрып шырылдайсың да қаласың…
Министр А.Балаеваның қатысуымен (мүмкін, төрағалығымен), өтетін бұл комиссия отырысы «ауызы-мұрыны жоқ отау», ешкімге ешқандай түсінік бермейді……
Бұл ВАК-ның маған көрсеткен (киноға көрсеткен) бірінші құқайы емес, кеше ғана Халықаралық Шанхай фестивалінен қара үзіп келеген «Талақ» та осы ВАК-тен 2020, 2021 жылдары еш себепсіз (Еш себепсіз!) құлатылған еді. Тек Сарапшылардың табандылығы арқасында үшінші рет дегенде ғана, 2022 жылы ВАК «қылкөпірінен» әупірімдеп өтіп, өндіріске кетті. Енді қараңыз, екі жыл қатарынан сұлатылғаннан кейін «кино деген бәлеге» қолымды бір сілтеп «қой бағып» кеткенімде не болар еді? «Талақ» дүниеге келмейтін еді ғой? Ұлттық киноның мерейін асырып, ұлы аламанда ұран сала шауып, қара үзіп қазақтың атын, Бейімбеттің есімін әлем жұрты алдында асқақтата алмас едік қой? Ұлтына мың жылдық рухани азық болар дүние жатырда өліп, жөргегінде тұншығар еді ғой?
Құдайдың құдіреті деймін де, жай адами логикаға салайықшы, қайта мынадай үлкен жетістіктен кейін Мәдениет министрлігі «алтын шыққан жерді белден қаз» қағидатымен «Талақтың» авторларымен ары қарай жұмыс істемес пе еді? Бірлесе жоспар құрысып, он төрт жыл жазылған, әбден көркемдік тұрғыдан иі қанып, шыңдалған «Күміс қоңырау» киножобасын қолдап, бұл жетістіктен де биік тұғырға бірлесе ұмтылмас па едік? Ұлт киносының өркендеуі мен дамуына тікелей жауапты адамдардың (Мәдениет және ақпарат министрлігі жұрағатының) алдындағы ұлы парызы емес пе еді бұл? Жоқ, керісінше болды бәрі…
Күзде фильмді өз халқымызға кең көлемде көрсетуді жоспарлап отырмыз, шын бағасын жұртым береді енді…", - деді режиссер.
Данияр Саламат қалың шудың арасынан киноны арашалап қалу керектігін атап өтті. Режиссердің сөзінше, Ұлттық киноға ұсынылған көптеген жобалардың жартысы қазылар алқасының назарына ілікпей жатып "балталанып" кеткен.
"Былтыр да Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына ұсынылған жобалардың тең жартысы сарапшылар назарына ұсынылмастан «балталанып» күресінге жіберілген еді... Жобалардың дені жастардікі еді. Ешкімнің жүрегі дір етпеді. Ешкімнің «бұл қалай» деп жаны ашыған жоқ. Ол жобалардың ар жағында қанша үміт, қанша сурет, қанша тағдыр тұр еді…
Әлқисса.
Енді эмоциямызды барынша тізгіндеп, «қандай фильмдер өндіріске жіберілуі керек» деген сұраққа жауап беріп көрейік. Әсірелеп айтсақ, кино деп көзіміз ағарып, тісіміз сарғайды ғой, көзім жеткен нәрселермен бөлісейін. Ия, бізге кино керек. Осындай қалың шудың арасынан киноны арашалап алып қалу керек.
Ол үшін ұлттық киноның (кино төңірегіндегі қалың шудың емес), қазіргі қазақ киносы қандай күйде екенін түсінуіміз қажет. Алдымен еліміздегі қазіргі кино жасауға ұмтылушылардың кімдер екенін аңдап алайық. Негізі ұлтқа қандай кино керек, ал біз қандай кино көріп жүрміз?" - деді Данияр Саламат.
Айта кетейік, режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі биыл Халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылған болатын.
Пікірлер