"Клиенттің клиентін біл". Экс-дипломат Путинге көмектесетін «үшінші елдер» шынымен де проблема дейді

2292
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ-тың бұрынғы дипломаты, Ресейге қарсы санкциялардың қабылдануына себепші болған Даниэль Фрид сұхбатында Мәскеуге көмектесетін елдер және алдағы болатын Америкадағы президент сайлауының ұңғыл-шұңғылына үңіледі.  

АҚШ мемлекеттік хатшысының бұрынғы орынбасары, Ресейге қарсы америкалық санкциялардың" сәулетшісі " Дэниел Фрид DW – Неміс толқыны радиосына берген сұхбатында санкциялардан жалтаруға жол бермеу, АҚШ-тағы президент сайлауындағы Байденнің кандидатурасы, Украина және Трамптың бейбітшілік жоспары туралы айтты. 

DW:  Путинге соғысқа керек нәрсені әкелуге көмектесетін үшінші елдермен не істеу керек?

Даниэль Фрид: "Үшінші елдер" деп аталатындар шынымен де проблема. Алайда, егер еуропалық немесе америкалық компания, мысалы, Орталық Азияның кейбір елдеріне компьютерлік чиптерді жаппай экспорттай бастаса, онда біз оларға "ал біз чиптердің Ресейге кететінін білмедік" деген сылтау айтуына жол бермеуіміз керек. 

Банк саласында санкциялық заңнаманы сақтау мәдениеті өте жақсы дамыған. Ал өндіріс саласында ол көбінесе әлсіз, фирмалар тек бір нәрсені бақылағандай болып көрінеді. 

Оларды "клиенттің клиентін біл" қағидатын қолдануға мәжбүрлеу керек. Бұл АҚШ пен Еуропа одағының ірі компанияларына да қатысты. Осыдан он жыл бұрын Ресейге арналған неміс турбиналары Қырымда қалғаны есіңізде ме? Енді бұл қайталанбауы керек. 

 - Егер Трамп президент болып сайлана қалса, Кремль үшін санкциялық ауыртпалық жеңілдейді деп күтуге бола ма?

 - Мүмкін, бірақ бұл оның әкімшілігінің қандай жолға түсетініне байланысты шешіледі. Трамп командасындағы отставкадағы генерал Кит Келлогг ұсынғандай, Трамп Украинаны Ресеймен келіссөзге көндіруге қолқалады делік. Менің ойымша, бұл өте жаман идея. Бірақ әкімшілік бір уақытта Мәскеуге де қолқа салып, Зеленскиймен келіссөзге көндіргісі келсе ше? Егер Путин соны жасамаса, онда Трамп оны алдап жатыр деп шешуі мүмкін, содан кейін оның салдары Мәскеу үшін өте нашар болуы ықтимал.

Менің ойымша, Трамп бейбітшілікке қол жеткізуге тырысады. Оның әрекеті екі арадағы атысты тоқтату туралы ұсыныстан басталуы әбден мүмкін. Бірақ одан Зеленский де, Ресей де бас тартады деп ойлаймын. Бірақ егер Украина атысты тоқтату туралы ұсынысты толығымен бас тартпаса, онда ол Байден әкімшілігі беруге дайын болғаннан әлдеқайда маңызды қауіпсіздік кепілдіктерін талап етеді. Зеленский тіпті НАТО-ға мүше болуды қалауы мүмкін. Мұндай жағдайда Трамптың адамдарына іс жүзінде Украинаны «тапсыру» және келіссөздер процесін бүркемелеу немесе Украинаны қолдау арасында шешім қабылдауға тура келеді. 

 - Джо Байден президенттікке үміткер болып қала бере ме, қалай ойлайсыз?

 - Менің ойымша, оның кандидатурасы саяси тұрғыдан өміршең емес. Дональд Трамппен болған сәтсіз теледидарлық пікірталас және одан кейінгі оқиғалар Байденнің тағы төрт жарым жыл президент болып жұмыс істей алатындығына  күмән туғызды. Айтпақшы, маған Байденнің ішкі және сыртқы саясатының көптеген элементтері ұнайды. Мысалы, мен оның сыртқы саясатын Барак Обаманың саясатына қарағанда салмақты деп санаймын. Бірақ пікірталас кезінде және одан кейін білгеніміздің бәрі мойындағым келмесе де Байденнің кандидатурасы күмәнді деген ой тудырды.

 - Сарапшылардың айтуынша, демократтар Байден мен Камала Харристің кандидатураларынан олар танымал болмаса да бас тарта алмайды. Өйткені, оларды президенттік сайлаудан ығыстыру Демократиялық партия Америка халқына президент пен вице-президенттің өз міндеттерін орындау қабілеті туралы өтірік айтты дегенді білдіреді. Мұнымен келісесіз бе?

 - Мен келіспеймін. Мен бәрін біле бермеуім мүмкін. Бірақ менің ойымша, бірнеше жыл бұрын Байденнің физикалық жағдайы қазіргідейі қиын болған жоқ. Соңғы айларда оның денсаулығы айтарлықтай нашарлаған сияқты. Сондықтан қандай да бір жүйелі өтірік туралы айтуға болмайды деп ойлаймын.

- Байден кеткен жағдайда оны кім алмастыруы мүмкін?

- Дәл қазір оны ешкім нақты айта алмайды. Бірақ демократтар Камала Харристі қайта қарайды деп ойлаймын. Мен оны вице-президент ролінде жақсы көремін, бірақ оның бұқаралық ақпарат құралдарында неге мұндай жаман имиджге ие екенін түсінбедім. Әлеуеті жоғары басқа да үміткерлер бар. Жаңа үміткер Дональд Трампты жеңе алатынын және жеңуге дайын екенін көрсететін жігерлі адам болса, сайлаушыларды таңғалдырады деуге болады.

Көптеген америкалықтар екі үміткерді де ұнатпайды. Бірақ демократтар өздерін, Дональд Трамп президент бола алмайтынын білетін республикашыларға қарағанда адал ұстайды.Трамп болса, мүлдем сайламалы орынға ие бола алмайды. Соған қарамастан, республикашылар оның артынан не өзін-өзі сақтау үшін, не цинизмнен, не оппортунистік себептерден еріп келеді. 

- Байден әкімшілігі алдағы алты айда Украина үшін не істей алады?

- Біріншіден, Украинаға қару-жарақты көбірек беріп, оны пайдалануға  берілетін шектеулерді мейлінше азайты. Екіншіден, Ресейге экономикалық қысымды күшейтіп, мұнай бағасының шегін сақтауды қолдау қажет. Сонымен қатар, Путиннің "сұр" немесе "көлеңкелі" танкер флотын, яғни ресейлік мұнайын әлемге тасымалдайтын иелері күмәнді, сақтандырылмаған танкерлер мәселесін реттейтін уақыт жетті. Сондай-ақ, қосымша экономикалық және қаржылық санкциялармен қатар, Ресейге экспортқа қатаң бақылау қажет.

Константин Эггерт

 

Пікірлер