“Менің орныма Қайрат кетті”. Әзілкеш Қабатов концертінде Қайрат Нұртас жайлы әзілдеді

2139
Adyrna.kz Telegram

Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бостандыққа шыққан соң концерт беріп, қамауға алынған Қайрат Нұртас туралы әзілдеді, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Естеріңізде болса, бұған дейін ұшақ бортында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Тұрсынбек Қабатов 5 тәулікке қамауға алынған болатын.

Концерттен үзіндіні Instagram желісінде Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқан жариялады.

Видеода Тұрсынбек Қабатов залдағы көрермендерге концертке 5 күн бойы тыңғылықты дайындалғанын айтты.

«Мен бұл концертке бес күн бойы қатты дайындалдым, телефонымды өшірдім, ешқайда бармай, дайындалдым. Енді концертке дайындалуға менің орныма Қайрат кетті», - деп әзілдеді Қабатов.

Бұл әзіл көрермендерге ұнаған сыңайлы, зал ду қол шапалақтады.

"Көрермендерге деген құрметі қандай десейші. Бүгінгі концерттен үзінді. Халық жақсы көрмесе, зал лық толмас еді. Барлық келген көрермендерге көп рахмет. Айтпақшы, айта кетейінші. Сынақ болуы болды ғой.
Байқағаным, халық тарапынан қолдаушылар көп болды. Жақсы жазған жандар, сіздерге жақсылық еселене келе берсінші. Барлығыңызға рахмет», - деп жазды әзілкештің әйелі әлеуметтік желіде.

Еске сала кетейік, Қабатов ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылып, 5 тәулікке қамауға алынды. Ал Қайрат Нұртас 5 шілде күні, ұшақ бортындағы жанжал үшін 15 тәулікке сотталды.

Пікірлер