Аграрлық ғылымды дамытуға ғалымдар үн қосты

3836
Adyrna.kz Telegram

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен «Ғылым мен инновация – ел экономикасын дамытудың тетігі» атты баспасөз мәжілісінде ғылым мен жоғары білім салалары бойынша атқарылған істер мен айшықты жобалар, олардың аграрлық саланы дамытуға және ел экономикасын ілгерілетуге тигізетін пайдасы, нәтижелері сөз болды.

Жиынға университеттің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Наметов, проректорлар, ғалымдар, ғылыми бағытта селекциялық жұмыстар жүргізілген шаруашылықтардың иелері және БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған университет басшысы Асқар Мырзахметұлы: 

Мемлекет басшысы жуырда Ғылым ордасында ғалымдармен өткен кездесуінде «Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор» деп, аграрлық ғылым саласына басымдық берген болатын. Қазіргі уақытта экономика азық-түлік қауіпсіздігі, аштықпен күрес, климаттық өзгерістер сынды әлемдік дағдарыстардың ықпалынан және цифрландыру, жасанды интеллект секілді жаңа бағыттардың енгізілуіне байланысты жаңа бетбұрыстарға қадам басуда. Аграрлық ғылымның ғылыми жетістіктері  де экономикадағы осындай өзгерістерге және мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына бағытталуда. Осы ретте біздің университетіміздің ғалымдары еліміздің ауыл шаруашылығын, аграрлық ғылымын дамытуда қомақты ғылыми жетістіктерге қол жеткізді, – дей келе, осы саясатты іске асыру үшін университет басымдық берген негізгі бағыттарға тоқталды. Айтуынша, университет ғалымдары ғылыми дәрежедегі зерттеулермен шектелмей, ғылыми ізденістерін экономикаға бағыттауда және оның бірнеше тәсілдерін қолдануда. Сонымен қатар жоғары оқу орны өз инфрақұрылымын өзгертіп, ғылыми зертханалардың жұмысын кәсіптік бағытқа бейімдеп, ғылыми дәрежеде қызмет көрсетуге көшкен.

Жәңгір хан университетінің ғалымдары суды үнемдеу,  жайылымдылық жерлерді суландыру, тиімді және экологиялық жағынан таза мал шаруашылығын құру, қой жүнін пайдаға асыру секілді еліміз бойынша өзекті мәселелерді ғылыми жолмен шешуге атсалысуда. Мысалы, құс шаруашылығын дамыту мақсатында үйректің жаңа кросын ашып, оларды Петропавл қаласындағы «Бескөл» құс фабрикасына енгізген. Бүгінде үйректің жаңа кростары сол өңірде сатылуда. Ал университет ғалымдары

үйректердің қазақстандық тұқымын ашу бағытында жұмыс жасауда. Сондай-ақ БҚАТУ ғалымдары соңғы үш жылда ірі қара өсірумен айналысатын 15 шаруашылықта селекциялық жұмыстар жүргізген. Енді жасанды ұрықтандыру жолымен жаппай асылдандыру жұмыстарына кірісуде. Ал жайылымдық жерлерді қалпына келтіру, құнарлылығын арттыруды бірнеше шаруашылыққа енгізіп, іске асырған. Жем-шөп дақылдары мәселесін де қолға алған ғалымдар олардың тиімділігін әрі құнарлылығы жоғары болуын жүзеге асыру мақсатында шетелден дәнді дақылдардың түрлі сорттарын облысымызға әкеліп, оның жергілікті жерге бейімділігін тексеруде. Зерттеу бағыттарының тағы бірі – малдың төлі туа салысымен генотиптеу негізінде олдардың мутациялық өзгергіштігін, таза тұқымдылығын, ауруларға төзімділігін, өнімділік қасиеттерін анықтау. Жүргізілетін зерттеулер мал табындарын құрудың теориялық және практикалық аспектілерін кеңейтуде үлкен маңызға ие, себебі асылдандыру саласындағы жаңа селекциялық шешімдер негізінде қарқынды типті мал өсіруге мүмкіндік туады. Ғалымдар жерасты суларын шаруашылыққа және тұрмысқа пайдалануға қолжетімді ету үшін суды арнайы сорбенттер арқылы сүзгіден өткізіп, оның құрамындағы кермектілігі мен тұздылығын азайту бағытында ғылыми жұмыстар жүргізгені де айтылды. 

Ректор өз баяндамасында университет кадр даярлау мәселесінде де еліміздегі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігі мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында білім беру саласына өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Заман талабына сай білім беру жүйелері енгізіліп, сонымен бірге кәсіпкерлік білім беріліп, бітіруші түлектерді кейін өзінің бизнесін ашатындай немесе ірі бизнес компанияларда жетекші маман қызметін атқара алатындай дәрежеге бағыттауда. – Жәңгір хан университетінің қызметі мемлекетпен және аграрлық-техникалық бейіндегі бизнес индустриясының өкілдерімен өзара іс-қимылға негізделген. Университетті дамытудың негізгі бағыттары – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық зерттеулер және білім мен ғылымдағы заманауи ақпараттық технологиялар болып табылады. Өңіріміздегі ірі кәсіпорындармен және өндіріс ошақтарымен түрлі бағытта келісімшарттарға отырып, өз мақсат-мүдделерімізді іске асырып келеміз, – деді ректор А.Наметов.

Баспасөз мәжілісінде журналистер тарапынан қойылған сұрақтар да жауапсыз қалмай, ғылыми жобалар бойынша қосымша ақпараттар берілді.




Пікірлер