Алматы облысында жайлы мектептердің құрылысы мәжілісмендердің назарында

1186
Adyrna.kz Telegram

Мәжілісі депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1500 орындық мектептің құрылысымен танысты. Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу – партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. 

Мектеп құрылысының бюджеті 6,6 млрд теңгені құрады. Жаңа оқу ошағында сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған.  Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, технологияларды өңдеу шеберханасы, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті болады. Мердігер мекеменің өкілі жыл соңына дейін құрылыс жұмысының аяқталатынын айтты.

– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде 26 жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Бұдан басқа биыл тағы да 27 мектептің құрылысын бастау жоспарланған.  Ал Қаскелеңде салынып жатқан осы нысанның құрылыс жұмысы қазіргі уақытта 60 пайызға аяқталған. Мердігерлер мектепті уақытында бітіруге тиіс. Әрине, бірінші кезекте мектептің құрылысы жоғарғы деңгейде барлық талаптарға сай болғаны маңызды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің жиһазы толықтай отандық өнім болуы қажет, – деді Максим Рожин.

Сапар барысында  депутат отандық өнімнің сапасын бақылау мақсатымен жиһаз жасаумен айналысатын «Алатау Прогресс КЗ» серіктестігінде болды. 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған «Altamir» өндіріс цехының жұмысшыларымен кездесті. Еңбек ұжымына заңнамадағы  жаңашылдықтар туралы айтып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. 

Жиһаз цехының құрылтайшысы Бауыржан Молдабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда осы зауытта өндірілетін мектеп жиһаздары тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, оған деген сұраныс арта түсуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 2 миллиард теңгені құраған.

– Заманауи жиһаз да барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы шарт. Соңғы кезде отандық өнім үлесінің артып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. Дегенмен, жеңіл өнеркәсіпте импорттың басым екенін ескерсек, отандық үлесті арттыру және дайын өнімді сату аумағын кеңейту жұмыстарын жалғастыру керек. Біз өз тарапымыздан көмектесуге дайынбыз, – деді Мәжіліс депутаты. 

Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында 39 үш ауысымда жұмыс істейді. 26 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін «AMANAT» партиясының облыстық 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында «Жайлы мектеп» жобасымен 53 мектептің құрылысы жоспарланған.








Пікірлер